Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 15 қыркүйек 2026 $ 452,2 523,1 5,35
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Ұландық Нұртас Әлібеков жүзуден Қазақстан чемпионатында бес медаль жеңіп алды

    Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Нұртас Әлібеков Астанада өткен «Мастерс» санатындағы жүзуден Қазақстанның ашық чемпионатында бес медаль жеңіп алды.

    Ұландық Нұртас Әлібеков жүзуден Қазақстан чемпионатында бес медаль жеңіп алды

    Сурет: turkystan.kz

    Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұртас Әлібеков 12–13 қыркүйек күндері Астанада өткен «Мастерс» санатындағы жүзуден Қазақстанның ашық чемпионатында бес медаль жеңіп алды.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Өз жас санатында ұландық 200 метрге кешенді жүзуде және 100 метрге брасс әдісімен жүзуде бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар 50 метрге еркін жүзу, 50 метрге брасс әдісімен жүзу және 100 метрге шалқалап жүзу бойынша үш күміс медальға қол жеткізді.

    Чемпионаттың есте қаларлық сәттерінің бірі — әскери қызметші қазақстандық жүзудің танымал өкілдерімен бір жолда сынға түсті. Ол ұлттық құраманың жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Геннадий Гордиенкомен және 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинмен бір жүзу жолағында бақ сынады. Жас спортшы үшін мұндай бәсекелестік өз мүмкіндігін тағы бір мәрте сынап, жоғары нәтиже үшін күресуге мүмкіндік берді.

    Тамыз айында Бурабай көлінде өткен X-WATERS Kazakhstan 2026 халықаралық жүзу жарысы да спортшы үшін нәтижелі болды. Нұртас Әлібеков 500 метрге жүзуде үшінші орын алып, 3×500 метрлік командалық эстафетада күміс жүлдеге ие болды.

    Ұландық үшін жүзу әлдеқашан әуесқойлықтан асып, дене дайындығының маңызды бөлігіне айналған. Жаттығу мен жарыс кезінде қалыптасқан тәртіп пен төзімділік оның әскери қызметінде де өз көмегін тигізіп жатыр.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →