Кәріз суларынан есірткі іздерін анықтау жұмыстары жалғасуда
Кәріз суларынан есірткі іздерін анықтау жұмыстары жалғасуда. Бұл әдіс есірткі зертханаларын табуға және дәлелдемелер базасын толықтыруға көмектеседі.
Фото: ecoidea.me
Кәріз суларынан есірткі заттарының іздерін табу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл әдіс есірткі зертханалары анықталған жағдайда дәлелдемелер базасын толықтыру үшін де пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық ағын суларынан тыйым салынған заттарды анықтау оңай емес.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Бұл өте күрделі зерттеу. Себебі заттар суда қатты сұйылтылып кетеді. Осындай үлкен көлемдегі судың ішінен есірткі, психобелсенді немесе басқа да заттарды, тіпті дәрілік препараттар мен олардың метаболиттерін бөліп алу үшін сынаманы дайындаудың өзі көп уақыт пен еңбекті қажет етеді», – деді Сот сараптамалары орталығы директорының орынбасары Назгүл Имамбаева.
Кәріз суларындағы есірткі іздерін анықтау үшін жоғары дәлдіктегі заманауи зертханалық жабдықтар қолданылады. Зерттеулер сот сараптамасы органдарының химиялық-токсикологиялық бөлімдерінде жүргізіледі. Алайда алдымен сынамаларды құқық қорғау органдары өздері алады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл әдіс есірткі зертханаларын анықтап, олардың қызметін тоқтатуға бағытталған жұмыстарда көмектеседі.
«Ақпарат түскен жағдайда қажет болса, топырақты, суды және басқа да нысандарды зерттейміз. Олардың барлығы бірігіп, дәлелдемелер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз түскен ақпарат бойынша жұмыс істейміз. Қазірдің өзінде 30-дан астам есірткі зертханасы анықталғанын атап өткім келеді», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
