Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 9 қыркүйек 2026 $ 454,0 527,8 5,26
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Астанада қаламгерлер арасында «Сөз бен сана» турнирі өтті

    Астанада Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында «Сөз бен сана» турнирі өтті. Ұларбек Нұрғалымұлы бас жүлдені жеңіп алды.

    Астанада қаламгерлер арасында «Сөз бен сана» турнирі өтті

    Фото: Оңалхан Өнерхан

    Астанада Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында «Сөз бен сана» турнирі өтті. Бұл дода үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және «Елорда Ақпарат» медиа холдингі бірлесіп өткізді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Бұл турнирдің ерекшелігі – салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, сөз өнері мен шығармашылық ортаның бірлігін нығайту. Сондықтан мұны тек спорттық бәсеке деп қарауға болмайды. Қалам ұстаған қауымның еркін пікір алмасып, бір-бірімен жақынырақ танысып, шығармашылық байланысын нығайтатын бұл шара жақсы дәстүрге айналған.

    Биылғы турнирде кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін сұрмергендер бас қосты. Бір күнге созылған дода барысында қаламгерлер мергендік пен ептіліктен сынға түсті. Жарыстың шешуші кезеңінде ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы мен белгілі тележурналист Әлімжан Сабыржанұлы шеберліктерін сынады. Нәтижесінде Ұларбек Нұрғалымұлы қарсыласын 8:2 есебімен жеңіп, бас жүлдені иеленді. Осылайша Әлімжан Сабыржанұлы екінші, ақын Жанарбек Әшімжан үшінші орынға тұрақтады.

    Сонымен қатар бірқатар қаламгерге арнайы жүлделер табысталды. Әлихан Бөкейхан атындағы арнайы жүлде – Әділ Ахметовке, Қайым Мұхамедханов атындағы арнайы жүлде – Алдан Смайылға, Ыбырай Алтынсарин атындағы арнайы жүлде – Қойшығара Салғараұлына, Сайын Мұратбеков атындағы арнайы жүлде – Төлен Әбдікке берілді. Ал Әлібек Асқар «Мәдениетті ойыншы» аталымымен марапатталды. Сондай-ақ бір бөлім ойыншыларға «алғашқы шар», «үздік серия» сияқты арнайы жүлделер берілді.

    Турнирдің төрешісі, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақ: «Қазақстан халқы тілдері күнінде осындай мазмұнды іс-шара ұйымдастырып, қаламгерлердің өзара пікір алмасуына тамаша орта әзірлеп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған Астана қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Достықты ту еткен ойыншылар керемет өнерін көрсетті», – деді.

    Тіл мен әдебиетті, ұлттық дәстүр мен спортты тоғыстырған «Сөз бен сана» тастаяқ турнирі осылайша өз мәресіне жетті. Қаламгерлердің басын қосатын бұл дәстүрлі дода алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →