Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 4 қыркүйек 2026 $ 455,1 527,8 5,21
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Қазақстан мен Лаос президенттерінің кездесуіндегі уағдаластықтар талқыланды

    Премьер-министр Олжас Бектенов Лаос Президенті Тхонглун Сисулитпен кездесіп, екі ел арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру, экономика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

    Қазақстан мен Лаос президенттерінің кездесуіндегі уағдаластықтар талқыланды

    Сурет: turkystan.kz

    Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келген Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулитпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Келіссөздерде экономиканың әртүрлі салаларындағы қазақ-лаос ынтымақтастығын кеңейту әлеуеті атап өтілді. Қазақстан Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуразия нарықтарына шығару үшін сауда-логистикалық көпір болуға дайын екенін білдірді.

    Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды арттыру перспективалары қарастырылды. Қазақстан егістік жерлер мен жайылымдар көлемі жөнінен әлемде алтыншы орында және ірі бидай мен ұн экспорттаушылардың қатарына кіреді. Лаос тарапы қазақстандық дәнді және майлы дақылдарды, жемшөп пен ет өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытса, Қазақстан Лаостан кофе, каучук және басқа да импорттық тауарларды жеткізуге ниет білдірді. Аграрлық кооперация, ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеу мен сақтау, суарудың заманауи технологияларын енгізу де ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

    Цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары бағаланды. Тхонглун Сисулиттің сапары аясында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және электрондық мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашып, осы саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтуге ықпал етпек.

    Мәдени-гуманитарлық сала мен туризм де перспективалы бағыттар ретінде аталды. Лаос Президенті Қазақстанмен достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

    Сонымен қатар, өңірлік өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығы сөз болды. Қазақстан Лаосты тек екіжақты серіктес ретінде ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен экономикалық және іскерлік байланыстарды кеңейтудегі маңызды қатысушы ретінде қарастырады.

    Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Лаос тұрақты және сенімді қарым-қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ перспективалық бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін растады.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →