Қазақстандықтар eGov арқылы ауруханаға түскен жақындары туралы хабарлама ала алады
Қазақстандықтар eGov арқылы жақындарының ауруханаға түскені туралы хабарлама ала алады. Сервис үш сенімді тұлғаны көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстандықтар жақындарының шұғыл түрде ауруханаға түсуі туралы eGov порталы арқылы хабарлама алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл функция адам жол апатына ұшыраған, денсаулығы кенеттен нашарлаған немесе ауруханаға түсіп, жақындарымен байланыса алмаған жағдайда оларға хабарлауға көмектеседі. Әрбір қазақстандық үшке дейін сенімді тұлғаны көрсете алады.
Сервисті қосу үшін eGov.kz порталына кіріп, «Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау қажет. Содан соң сенімді тұлғаның ЖСН-ін көрсету керек. Сенім білдірілген адам 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.
Пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растауы қажет. Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе одан бас тарту туралы SMS келеді. Егер сенімді байланыс ретінде көрсетілген адам тіркеуді растаса, пайдаланушы сұрауға қол қояды. Бұл қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді.
