Мүгедектерге арналған дәретхана қоймаға айналған: Балқаш–Бурылбайтал жолындағы жағдай жұртты ашуландырды
Фото: видеодан скрин
Қазақстанда туризмді дамыту туралы жиі айтылғанымен, жол бойындағы инфрақұрылымның жағдайы бұл мақсатқа сай келе ме деген сұрақ туындайды. Әлеуметтік желіде Балқаш–Бурылбайтал тасжолындағы жанармай бекеттерінің біріне қатысты видео тарады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Видеоны Рүстем Жантенов есімді азамат жариялаған. Оның айтуынша, тасжол бойындағы «Қазақойл» жанармай бекетінде келушілерге арналған дәретхананың жағдайы сын көтермейді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға арналған әжетхананың ішіне түрлі артық заттар қойылып, бөлме қойма ретінде пайдаланылып тұрғанын көрсеткен.
«Еліміздің туризмін дамыту керек дейміз. Бірақ осындай жағдайлар орын алып жатса, туризм қайдан дамиды? Балқаш–Бурылбайтал тасжолындағы Қазақойл жанармай бекетінің дәретханасы қоймаға айналып кеткен. Мүгедектерге арналған дәретхананың ішінде артық заттар тұр. Қарапайым халық пайдалана алмайды. Ұят емес пе? Басшылық назарға алуы керек», – дейді видео авторы.
Ол сондай-ақ мұндай жағдайға жол берген жанармай бекеттеріне жауапкершілік қарастыру қажет екенін айтып, компания басшылығын бақылауды күшейтуге шақырды.
«Мұндай жағдайларға қандай шара қолдану керек? Брендті пайдалануға рұқсатты шектеу керек пе, әлде айыппұл салу қажет пе? Брендті сатып алып, тек ақша табуды ойлау дұрыс емес. Қазақстанды осындай жағдайлармен кімдер ұятқа қалдырып жатқанын анықтау керек», – деп жазды Рүстем Жантенов.
Жарияланым көпшілік арасында пікірталас тудырды. Қолданушылар жол бойындағы санитарлық жағдай тек туристер үшін емес, күнделікті ұзақ сапарға шығатын барлық азамат үшін маңызды екенін атап өткен.
Кейбір желі қолданушылары жанармай бекеттеріндегі дәретханалардың тазалығы мен қолжетімділігі тұрақты бақылауда болуы тиіс деген пікір білдірсе, енді бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындардың басқа мақсатта пайдаланылуын сынға алды.
«Жол бойындағы бекет – елдің визит картасының бірі. Шетелдік туристерді айтпағанда, өз азаматтарымыздың өзі мұндай жағдайды көргенде қандай әсер алады?» деген пікірлер де жазылған.
Тағы бірқатар қолданушы мұндай нысандарды тек әлеуметтік желіде сынап қою жеткіліксіз екенін айтып, жауапты органдар мен компания басшылығы нақты шара қабылдауы керек деген ұсыныс білдірді.
Айта кетейік, видео авторының сөзінде көрсетілген жанармай бекетінің нақты қашан осындай күйге түскені және нысан басшылығы бұл жағдайға қандай баға бергені әзірге белгісіз.
