«Не пәтер жоқ, не ақша жоқ»: Тұздыбастаудағы «Elite Home» ТК үлескерлері биліктен көмек сұрады
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында салынып жатқан «Elite Home» тұрғын үй кешеніне қаржы құйған ондаған азамат сан соғып қалды. Тұрғындар құрылыс басында жиналып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және облыс әкімдігіне үндеу жасады. Бұл туралы Qazaqtoday.info порталы хабарлайды.
Мәселенің мән-жайы:
-
Тоқтап тұрған құрылыс: Тұрғындармен жасалған келісімшарт бойынша пәтер кілттері биыл қыркүйек айында табысталуы тиіс болған. Алайда қазіргі уақытта құрылыс алаңында тек қазылған шұңқыр (котлован) ғана жатыр, ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.
-
Шығын көлемі: Үлескерлер пәтер алу үшін миллиондаған теңге жинақтарын салған, кейбірі жеке автокөліктері мен жылжымайтын мүліктерін құрылыс компаниясына айырбастап өткізген. Қазірге мөлшермен 4 млрд. теңге деп бағалап отыр тұрғындар.
-
Жер дауы: Жер телімінің иесі мен құрылыс жүргізуші компания арасындағы сот процесі үлескерлердің қатысуынсыз өткен. Нәтижесінде жер телімі қайтарылып, сатып алушылардың құқығы ескерусіз қалған.
-
Сатылымның тоқтамауы: Құрылыс басталмай, шоттар бұғатталып, қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, компания пәтерлерді жарнамалап, сатуды жалғастырған.
Қазіргі таңда зардап шеккендердің ұжымдық арызы бойынша құзырлы органдар қылмыстық іс жүргізіп жатыр. Тұрғындар жауапты «TS Energo Group» («TSNFC Group») өкілдерінен не қаражатты толық қайтаруды, не құрылысты аяқтап, пәтер кілттерін беруді, сондай-ақ заңсыз сатылымдарды толық тоқтатуды талап етуде.
