Respublica партиясы Құрылтай депутаттарының мандаттарын бөлу кезектілігін бекітті
Respublica партиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттардың кезектілігін бекітіп, құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына жолдады. Тізімде 9 кандидат бар.
фото: ашық дереккөз
Бүгін «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі отырысы өтіп, онда 2026 жылғы 23 тамыздағы сайлау нәтижесінде партияға тиесілі Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының мандаттарын бөлу үшін партиялық тізімдегі кандидаттардың кезектілігі анықталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Отырыста партиялық тізімдегі мандат алатын тоғыз кандидаттың кезектілігі бекітіліп, тиісті құжаттар Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жіберілмек. Бұл кезектілік комиссия тіркеген партиялық тізімдегі кандидаттар арасынан қалыптастырылды.
Жаңа фракция құрамында VIII шақырылымдағы Мәжілістің бес депутаты Құрылтайда жұмысын жалғастырса, тағы төрт кандидат алғаш рет депутат атанады. Осылайша, партия тәжірибе сабақтастығы мен команда жаңаруын қатар ұштастырады.
Бекітілген тізімге мына азаматтар енді: Айтқұлов Бекжан Бахтыбекұлы (Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың VII–VIII шақырылым депутаты), Идрисов Руслан Рашитович (кәсіпкер, Global Food ЖШС құрылтайшысы, Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты), Қасымбаев Мейрхат Мейрамханұлы (кәсіпкер, «Capital Road Construction» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы), Құспеков Олжас Хайроллаұлы (партия төрағасының орынбасары, Мәжілістің VIII шақырылым депутаты), Наумова Динара Рустамқызы (Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі), Смолякова Екатерина Сергеевна (Мәжіліс депутаты), Тау Нұргүл (Мәжіліс депутаты), Хасенов Махамбет Қабдұлқайырұлы (Special Oil Projects компаниясы мен «Альмерек» мұнай базасының құрылтайшысы әрі бас директоры, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы) және Қожаназаров Айдарбек Асанұлы (партия төрағасы, Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі).
Еске салайық, 2026 жылғы 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауында Respublica партиясына 509 631 сайлаушы дауыс беріп, бұл жалпы қатысушылардың 5,56%-ын құрады. Осы нәтижемен партия 9 депутаттық мандатқа ие болды. Заңнамадағы 5 пайыздық межеден өткен бес партияның бірі — Respublica.
