Исламабадтағы ауруханада болған өрттен 14 нәресте қаза тапты
Исламабадтағы ауруханада болған өрттен 14 нәресте қаза тапты. Құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеді, премьер-министр тергеуді тапсырды.
Фото: Euronews.com
Пәкістан астанасы Исламабадтағы ірі мемлекеттік ауруханалардың бірінде болған өрт салдарынан кемінде 14 нәресте қаза тапты. Қайғылы оқиға 26 тамыз күні таңертең орын алды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт Пәкістан медициналық ғылымдар институтының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің үшінші қабатында тұтанған. Алдын ала болжам бойынша, таңғы сағат 06:45 шамасында гинекология бөліміндегі нәрестелер палатасында кондиционер компрессоры жарылып, соның салдарынан өрт шыққан.
Оқиға орнына құтқарушылар, полиция және басқа да жедел қызмет мамандары келді. Исламабадтың бас комиссары Сохаил Ашрафтың айтуынша, өрт ауыздықталып, кемінде бір нәрестені аман алып қалу мүмкін болды.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қаза тапқан сәбилердің отбасыларына көңіл айтып, оқиғаның себептерін шұғыл әрі жан-жақты тергеуді тапсырды. «Мұндай жағдайда балалардан айырылу – орны толмас қаза», – делінген премьер-министр кеңсесінің мәлімдемесінде.
Полиция дерегінше, өрт салдарынан қаза тапқан нәрестелердің денелері қатты күйген. Осыған байланысты олардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіледі. Сараптама аяқталғаннан кейін ғана сәбилердің денелері туыстарына беріледі. Бұған дейін ата-аналар балалардың денесін тезірек алуды талап еткен.
Пәкістанда ірі ғимараттардағы өрт оқиғалары ара-тұра тіркеліп тұрады. Мұндай жағдайларға өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы мен тиісті бақылаудың әлсіздігі себептердің бірі ретінде аталады.
