Beeline абоненттерінің наразылығы: қымбат тариф пен сапасыз қызмет мәселесі
Beeline абоненттерінің байланыс пен интернетке қатысты наразылығы, қымбат тарифтер мен сапасыз қызмет мәселесі, реттеуші органның әрекетсіздігі туралы талдау.
Сурет: kznews.kz
Еліміздегі ірі байланыс операторларының біріне қатысты тұтынушылардың наразылығы күннен-күнге артып келеді. Әңгіме Beeline компаниясы туралы болып отыр. Абоненттер бірнеше күн бойы байланыс пен мобильді интернетке қол жеткізе алмай, ашық наразылық білдіруде. Бұл жағдай тек техникалық ақаумен шектелмей, елдегі ұялы байланыс операторларының тариф саясаты мен қызмет көрсету сапасына қатысты терең мәселелерді көтеріп отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Beeline тұтынушыларының ашуына не себеп болды? Компания 15–17 тамызда жүйелерді жоспарлы жаңартуды алдын ала хабарлаған еді. Алайда, 18 тамызда да көптеген абонент интернет пен байланысқа қосыла алмады. Janymda қосымшасы, сайт және қолдау қызметінде де қиындықтар туындады. Осыған ұқсас проблемалар Beeline серіктесі IZI абоненттерінде де байқалды. Компания жаңарту жұмыстарының жоспарланғаннан ұзаққа созылғанын мойындады.
Бірақ бұл — шағын компанияның мәселесі емес. Beeline Kazakhstan — 11,7 млн мобильді абонентке қызмет көрсететін алпауыт оператор. 2025 жылы компанияның Қазақстандағы түсімі 425,6 млрд теңге, EBITDA көрсеткіші 213 млрд теңге болды. Beeline Kazakhstan халықаралық VEON тобының бақылауында.
Абоненттер төлейтін тарифтер де арзан емес. Кейбір тарифтер айына 7 999–23 999 теңге аралығында. Мысалы, «Мега» тарифі – 11 999 теңге, «Премиум Семья» пакеттері – 15 999, 19 999 және 23 999 теңге. Яғни, абонент жылына 96 мыңнан 288 мың теңгеге дейін ақша төлейді.
Осындай қомақты қаражат төлеп отырған абонент бірнеше күн байланыс пен интернетсіз қалса, оның құқығын кім қорғайды? Оператор үшін бұл кезекті жоспарлы жаңарту болуы мүмкін, бірақ тұтынушы үшін бұл — ақысын төлеген қызметтің көрсетілмеуі. Мобильді интернет банк операциялары, мемлекеттік қызметтер, такси, жұмыс және электронды сауда сияқты күнделікті қажеттіліктердің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі уақытта оператордың өз абоненттері алдындағы жауапкершілігі қайда қалады?
Мемлекеттік реттеушіге де заңды сұрақ туындайды. Елдегі байланыс саласын реттеуге жауапты орган — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті. Оның міндетіне байланыс саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау кіреді. Миллиондаған абонент бірнеше күн байланыссыз қалғанда, Телекоммуникациялар комитеті неге оқиғаға нақты баға бермей отырғаны түсініксіз.
Сонымен қатар, Beeline компаниясының ақаудың нақты себебін, зардап шеккен абоненттер санын және қызметті толық қалпына келтіру мерзімін ашық айтпауы тұтынушылардың сеніміне нұқсан келтірді. Қызмет көрсетілмеген кезең үшін абоненттік төлемді қайта есептеу мәселесі де қарастырылмаған.
Жалпы, мұндағы мәселе бір ғана техникалық ақауда емес. Қызмет көрсетуші мен тұтынушы және реттеуші арасындағы сенім туралы сөз қозғауға болады. Тарифті оператор белгілейді, ақшаны абонент төлейді, ал сапаны мемлекет бақылауға тиіс. Осы үш буынның ішінде жауапкершілік әлсіз болса, ең алдымен тұтынушы ұтылады. Бұл жағдайда дәл осы көрініс байқалып отыр.
Қысқасы, тариф қымбат болған сайын сапаға қойылатын талап та жоғары болуы керек. Абоненттің ақшасы нақты қызметке төленеді, сондықтан қызметтің сапасы мен тұрақтылығы да сол ақшаға сай болуы шарт. Тұтынушылардың талабы осы ғана.
