Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 18 тамыз 2026 $ 462,1 535,0 5,43
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • «Алкогольге тәуелділік»: Олимпиада чемпионы алғаш болып кете жаздағанын ашық айтты

    «Алкогольге тәуелділік»: Олимпиада чемпионы алғаш болып кете жаздағанын ашық айтты

    Фото: Әлеуметтік желі

    Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Instagram парақшасында өміріндегі қиын кезең туралы ашық айтты. Спортшы жол апатына қатысты сыннан кейін алкогольге тәуелділік мәселесі барын мойындап, бір ай оңалту орталығында ем қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

    Елеусіновтің сөзінше, бұл мәселе Олимпиададан кейін басталған. Ол қоғамда мұндай жағдайды мойындаған адамды әлсіз деп қабылдау жиі кездесетінін, алайда тәуелділіктің жай ғана ерік-жігерге байланысты мәселе емес екенін айтты.

    «Бәрі мені ішіп алып, жол апатына ұшырадың деп сынап жатыр. Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін алкогольге әуестігім пайда болды. Мұндай жағдайға қалай түскенімді өзім де білмеймін. Бұл күлетін нәрсе емес. Адамдар басына келмеген соң түсінбейді. Кезінде мен де жас кезімде мұндай нәрсеге күлетінмін. Бірақ өмірде біреуді сынаған нәрсең өз басыңа келуі мүмкін», – деді боксшы.

    «Мен күресіп жатырмын»

    Елеусінов бұл мәселемен күресіп жүргенін және қиындықты ашық мойындаудың өзі маңызды екенін атап өтті.

    «Мұндай нәрсені қазақ қоғамында айту қиын. Бірден “ерік-жігерің қайда?” дейді. Ерік-жігерің қанша мықты болса да, өмірде осындай сынақтар болады. Мен әлем чемпионы болдым, Азия ойындарын жеңдім, үлкен жетістіктерге жеттім. Бірақ менің де осындай сынағым бар», – деді ол.

    Спортшының айтуынша, әлеуметтік желі мен қоғамда танымал адамдардың өмірі мінсіз көрінгенімен, шын мәнінде олардың да өз қиындықтары болады.

    «Қазір бәрі “бізде бәрі керемет” деп көрсеткісі келеді. Бірақ жұлдыздардың да өмірі мінсіз емес. Біз де адамбыз. Менің де қиындықтарым бар», – деді Елеусінов.

    Бір ай оңалту орталығында болған

    Боксшы бір ай бойы оңалту орталығында ем қабылдап шыққанын да мәлімдеді.

    Ол спорттағы жетістіктеріне қарамастан, өмірдің басқа сынақтарына дайын болу әрдайым мүмкін емес екенін жеткізді.

    «15 жасымда әлем чемпионы болдым, талай жүлде алдым. Бірақ кейін осындай жағдайларға тап болдым. Өмір болған соң сынақ та болады екен. Соңында ең маңыздысы — жақындарыңның амандығы. Әйелің мен балаларың қасыңда болса, соның өзі үлкен бақыт», – деді боксшы.

    «Сынағанша, қолдаңыздар»

    Елеусінов кәсіби мансабын жалғастырып, қайтадан жоғары деңгейге оралғысы келетінін де айтты. Оның сөзінше, ол Америкаға чемпион болу мақсатымен қайта барған және өзін ешкімнен кем санамайды.

    «Мүмкін, мен бәрінен мықты болғым келген шығар. Бәлкім, Головкиннен немесе Шүменовтен мықты емес шығармын. Бірақ “бәрі қолымнан келеді” деген сеніммен Америкаға қайта келдім. Чемпион боламын деген ниетім бар. Сондықтан сынағанша, қолдаңыздар. Қазақтың жігіті чемпион болып жатса, қандай жақсы. Ал бірден жерге түсіре салу оңай», – деді Елеусінов.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →