Beeline Kazakhstan желісіндегі ақаулар: абоненттер наразылық білдіруде
Beeline Kazakhstan желісіндегі ақаулар: абоненттер интернеттің жұмыс істемеуіне, қосымшадағы қиындықтарға және колл-орталықтарға қол жеткізе алмауына шағымдануда. Компания жоспарлы жаңарту жұмыстарын себеп ретінде атады.
Соңғы бірнеше күнде Beeline Kazakhstan байланыс операторының клиенттері қызмет көрсету сапасына және тарифтерді есептен шығару жүйесіндегі ақауларға жаппай шағымдануда. Негізгі мәселелер — мобильді интернеттің жұмыс істемеуі, мобильді қосымшаның ашылуындағы қиындықтар және колл-орталықтармен байланыстың үзілуі. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Абоненттердің айтуынша, баланс толтырылғанына қарамастан, жүйе тариф құнын автоматты түрде есептен шығармайды. Осының салдарынан интернет өшіп қалады немесе теңгерімнен бөлек тарифтеу бойынша ақша ұсталып қалады. Janymda / Мой Beeline қосымшасындағы техникалық ақауларға байланысты пайдаланушылар өз баланстары мен қызметтерін бақылай алмай отыр. Сонымен қатар, колл-орталықтарға қоңырау шалу да қиындық туғызуда.
Threads әлеуметтік желісіндегі пайдаланушылардың пікірлері:
@d_nurbakhyt: «Билайн, бұл не мазақ? Жұмадан бері интернет жоқ! Колл-центрлерге хабарласу мүмкін емес. Интернетсіз бос өткен 4 күнді өтеп бересіздер ме?»
@yernar_marat (Павлодар қ.): «Билайн тек менде ғана қуып жатыр ма? Абоненттік төлемді 2 күн бойы ұстамай, интернетсіз қалдырды.»
@mensiyaqty: «Бүгін төлем күні еді, балансқа 24 000 теңге салдық, бірақ тарифке ақша алынбады! Баланстағы ақша болса азайып жатыр. Отбасылық тарифтегі ешкімде интернет жоқ. Қосымшаны 17-сі күні қайтарамыз деген едіңіздер, күн өтіп барады, әлі ештеңе жоқ.»
Beeline Kazakhstan өкілдері әлеуметтік желілерде пайдаланушыларға жауап беріп, қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Олардың мәлімдеуінше, ақаулардың негізгі себебі — ішкі жүйелерді жоспарлы жаңарту жұмыстары. Компания бұл жаңартулар туралы алдын ала ресми сайт, SMS-хабарламалар, мобильді қосымша және әлеуметтік желілер арқылы ескерткенін айтты. Оператордың хабарлауынша, негізгі қызметтер (дауыстық байланыс пен интернет) штаттық режимде жұмыс істеуі тиіс, тек жекелеген сервистерде уақытша қолжетімсіздік байқалуда.
