БҚО әкімі Президентке аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Президентке аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Өңірлік ЖӨӨ 5 трлн теңгеге жетті, инвестициялар 16,6%-ға өсті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ел Президентіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Есеп бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 5 трлн теңгеге жетіп, үш жыл ішінде 13,6 пайызға өскен. Өткен жылы тартылған инвестициялар көлемі 874,5 млрд теңгені құрап, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға артық.
Жақын арада Қарашығанақ кен орнында жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытының құрылысы басталады. Бұл инвестициялық жобаның құны 1,7 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ, биылғы жылдың соңына дейін Жайық өзені арқылы жаңа көпірдің құрылысын бастау жоспарлануда.
Соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 млрд теңге болатын 121 жаңа әлеуметтік нысан салынды. 1542 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде қайта құру жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы «Тасқала» бекетінде осыған ұқсас жобаны іске асыру басталады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 320 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері 1414 жоба қаржыландырылып, шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны құрылды. «Қаладан – ауылға» аймақтық бағдарламасы аясында мыңнан астам адам қоныс аударды. Барлық 218 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, қажетті әлеуметтік қолдау шараларын алды.
Мемлекет басшысы аймақты одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
