Алматы облысы Орта Азиядағы жетекші туристік орталыққа айналады — әкімдік
Алматы облысы елдегі ғана емес, Орта Азиядағы туристік орталыққа айналады. Ауқымды жобаларды жұзеге асыру үшін жол, қолайлы туристік бағыттар жасалып жатыр, деп жазады Qazaqtoday.info порталы.
Алматы облысы табиғи ландшафтының алуан түрлілігі, тарихи-мәдени мұрасы және қолайлы географиялық орналасуының арқасында Қазақстандағы туристік әлеуеті ең жоғары өңірлердің біріне айналды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде өңірде туризм тұрақты экономикалық өсімнің маңызды бағыты ретінде қалыптасып келеді.
Соңғы жылдары туристер ағыны айтарлықтай өсті. Егер 2022 жылы облыстағы орналастыру орындарында 145 мыңнан астам туристке қызмет көрсетілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 177 мың адамға, ал 2024 жылы 215 мыңнан астам туристке жетті. 2025 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде өңірге 161 мыңнан астам саяхатшы келген. Ал биылғы жылдың жарты жылдығында бұл көрсеткіш бірден екі есеге көбейген. Сонымен қатар Алматы облысына жалпы туристік ағым 2,5 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға артты.
Бүгінде облыста 270-тен астам туристік орналастыру нысаны жұмыс істейді. Туристер арасында Қонаев қаласының жағажай аймағы, Қапшағай су қоймасы, Көлсай көлдері, Қайыңды көлі, Шарын шатқалы, Алтын-Емел және Іле Алатауы ұлттық парктері ерекше сұранысқа ие. Тек Қапшағай жағалауына жазғы маусымда 1,8 миллионға жуық демалушы келсе, Көлсай, Шарын және Іле Алатауы бағыттарына жүздеген мың турист сапарлаған.
— Өңірде туризм инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Алматы тау кластерін қалыптастыру, Oi-Qaragai курортын кеңейту, Қонаев қаласында жаңа туристік нысандар салу, Қара шатқалдағы шыны көпір жобасы, Көлсай көлдерінде аспалы жолдар салу және Есік көлінің гидротехникалық нысандарын жаңғырту сияқты ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар туристік қызмет сапасын арттырып, өңірдің халықаралық деңгейдегі тартымдылығын күшейтуге бағытталған. Биыл Қайыңды көліне апаратын жолға асфальт төселіп, бітеді. Бұл туристер санының артуына тікелей әсер етеді, -деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Диас Нұрақын.
Туризмнің дамуы өңір экономикасына да оң әсер етуде. Қонақүйлер, демалыс аймақтары, қоғамдық тамақтану орындары, көлік қызметі, қолөнер және шағын кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жанданып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Сонымен қатар инвестициялық жобалардың артуы жергілікті бюджет кірістерін көбейтіп, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Алдағы кезеңде Алматы облысының негізгі мақсаты – тұрақты туризм қағидаттарын сақтай отырып, халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналу. Ол үшін сервистің сапасын арттыру, жол және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, цифрлық сервистерді дамыту, экологиялық туризмді қолдау және шетелдік инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Әкімдіктің ақпаратынша, туристер санын арттыру үшін Қытай Халық Республикасымен де әріптестік байланыстар орнатылып келеді. Бүгінде қытайдан келетін туристер саны жыл сайын көбейген.
Табиғи байлығы мен қолайлы туристік мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, Алматы облысы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың біріне айналуға толық әлеуетке ие.
Фото: Kazinform
