Семейдегі аспалы көпірде полиция көліктерді жаппай тексерді
Семейдегі аспалы көпірде полиция көліктерді жаппай тексерді. Абай облысы полиция департаменті бұл шараларды профилактикалық іс-шаралармен байланыстырды.
Сурет: tengrinews.kz
Семейдегі аспалы көпірде полицияның автокөліктерді жаппай тексергені туралы әлеуметтік желіде хабарламалар пайда болды. Тәртіп сақшылары құжаттарды ғана емес, көліктердің жүк бөліктерін де қарап шыққан, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жергілікті пабликтердің бірінде кеше жарияланған жазбада куәгердің кешкі уақытта аспалы көпірде полицейлердің көліктерді жаппай тоқтатып, жүк бөліктерін тексергенін көргені айтылады. Оның сөзінше, тексеру бүгін де жалғасқан.
Жазбада «Адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан немесе күзеттен біреу қашып кетті деп сөйлеп жүр. Бірақ бұл тек қауесет, әрі ешқандай ресми ақпарат жоқ», — делінген. Жазба авторы Абай облысы полиция департаментінен ресми түсініктеме беруді өтінген.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 30 шілдеден бастап аймақта Бірыңғай профилактика күні өткізілуде. Осы шаралар аясында полицейлер «қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған» іс-шаралар жүргізген.
Департаменттің жауабында «Профилактикалық іс-шаралар барысында медициналық мекемені өз еркімен тастап кеткен 20 жастағы азаматтың орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Бұл факт бас бостандығынан айыру орындарынан немесе күзеттен қашуға еш қатысы жоқ», — делінген.
Департамент азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін жеткізіп, облыс тұрғындары мен қонақтарын тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Сондай-ақ расталмаған мәліметтерді таратпауға кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін Семеймен көршілес Өскеменде мерзімді әскери қызмет солдаты қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен еді. Көп ұзамай оны қаладан 20 шақырым қашықтықта тауып, ұстаған. Оның полицияға не айтқанын алдыңғы материалдан оқуға болады.
