Ауа райы 1 тамызда: оңтүстікте +44°-қа дейін, солтүстікте жаңбыр мен бұршақ
1 тамызда Қазақстанның батысы, солтүстігі мен шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Оңтүстік облыстарда ауа +44 градусқа дейін көтеріледі.
Сурет: azattyq-ruhy.kz
1 тамызда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде термометрлер +44 градусқа дейін көтеріледі, ал батыс, солтүстік және шығыс аймақтарда жаңбыр мен найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» синоптиктері хабарлады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Метеорологтардың болжамынша, еліміздің батысы, солтүстігі және шығысы бойынша жаңбыр жауып, найзағай тіркеледі. Кей жерлерде нөсер күшті болып, бұршақ жаууы ықтимал. Қалған аумақтарда жауын-шашын күтілмейді.
Республика аумағында жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл соғуы мүмкін. Ақмола мен Қостанай облыстарының кейбір аудандарында аптап ыстық сақталады.
Жамбыл мен Маңғыстау облыстарында ауа +38…+40 градусқа дейін ысиды. Қызылорда облысы мен Түркістан облысында ауа температурасы +40…+44 градусқа жетеді.
Осыған байланысты бірқатар өңірде өрт қаупінің жоғары және төтенше деңгейі сақталады. Сондай-ақ бірнеше облыста қалыптан тыс ыстық жалғасады.
Нақтырақ айтқанда, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау мен Абай облыстарында ауа +41 градусқа дейін көтеріледі. Атырау, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында термометрлер +35…+39 градус көрсетеді.
