Алматы облысында жанармай станциясын тонаған екі күдікті ұсталды
23 шілдеде Талғар ауданында болған қарулы тонау: бетперде киген екі адам жанармай құю станциясын тонамақ болған. Бейнебақылау көмегімен күдіктілер ұсталып, қаруы тәркіленді.
Сурет: tengrinews.kz
Алматы облысында жанармай құю станциясын қарулы тонауға күдіктілер ұсталды. Олардың жеке басын және болжамды қозғалыс бағытын анықтауға аймақтағы интеллектуалды бейнебақылау жүйесі көмектесті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Тонау фактісі 23 шілдеде Талғар ауданында тіркелді. Екі белгісіз адам бетперде киіп, түнде жанармай құю станцияларының біріне кіріп, кесілген мылтықпен қассирден күндізгі түсімді талап еткен.
Бейнебақылау жазбаларында қылмыскерлердің оқ ату қаруын қарапайым целлофан пакетте көзге түсірмей алып кіргені көрінеді. Олардың бірі бірден қассирге жақындап, жасырылған кесілген мылтықты көрсеткен, екіншісі кіреберіс есікте қалған.
Әйел дүрбелеңге бой алдырмай, үнсіз орнында тұрып, ешқандай кенет қимыл жасамай, тонаушылардың талабын тыңдады. Тек бұрышта отырған, қылмыскерлер байқамаған күзетші іске араласқаннан кейін ғана күдіктілер ниеттерінен бас тартып, бірде-бір оқ атпай, оқиға орнынан қашып кеткен.
«Кассадағы қыз басынан шынайы шок өткергенін айтты және ешқандай диалог жүргізе алмады. Мәселені күзетші шешті. Ересек ер адамның пайда болуы күдіктілерді жоспарларынан бас тартуға және тез шегінуге мәжбүр еткен сияқты. Одан әрі іске полиция қызметкерлері араласып, ЖҚС-ның бейнекамералары арқылы шабуылдаушылардың Лада көлігінде жүргенін анықтады», — деді Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.
Бірнеше сағаттан кейін күдіктілердің бірі ұсталды. Екіншісіне бағдар жасалып, жақын маңдағы барлық полиция бөлімшелеріне жіберілді. 29 шілдеде бейнебақылау камералары және олардағы бет тану функциялары арқылы ұсталғанның серігі анықталып, Талғар полициясына жеткізілді.
Ұсталғандардың бірі 20 жаста, екіншісі 22 жаста екені белгілі болды. Екеуі де қамаққа алынды. Қылмыс кезінде қолданылған кесілген мылтық алынып, қылмыстық тергеу материалдарына тіркелді.
Облыс полициясы аймақтағы бейнебақылау жүйесінің арқасында аса ауыр қылмыс санатына жататын қарулы тонауды ашу мүмкін болғанын хабарлады. Камера жазбалары күдіктілердің болжамды қозғалыс бағытын бақылауға, бет-әлпеттерін тануға және кейіннен полиция қызметкерлерінің іс-әрекетін үйлестіруге мүмкіндік берді.
