Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 27 шілде 2026 $ 474,7 539,9 6,07
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

    Берлин полициясы ЛГБТ шеруіне көлік айдап кірген күдіктіні атып өлтірді

    Берлин полициясы Кристофер Стрит күніндегі ЛГБТ шеруіне көлік айдап кірген 21 жастағы күдіктіні атып өлтірді. Оқиға терракт деп танылып, 1 адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды. Толығырақ Qazaqtoday.info сайтында.

    Берлин полициясы ЛГБТ шеруіне көлік айдап кірген күдіктіні атып өлтірді

    Сурет: tengrinews.kz

    Берлин полициясы Кристофер Стрит күніндегі ЛГБТ шеруіне көлік айдап кірген 21 жастағы күдіктіні атып өлтірді. Бұл туралы Дойче Велле басылымына сілтеме жасап, Tengrinews.kz мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Абдул Б. Берлиннің Шпандау әкімшілік округінде ұстау кезінде қаза тапты. Бұл туралы жексенбі, 26 шілде күні кешке дереккөздерге сілтеме жасап, «Дер Тагесшпигель» және «Ди Цайт» газеттері, сондай-ақ Берлин мен Бранденбургке арналған РББ телеарнасы хабарлады. Кейін Берлин полициясы бұл ақпаратты өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында растады.

    «Дер Тагесшпигель» басылымы көрсеткендей, атылған күдіктінің толық аты-жөні — Абдул Баллут. Құқық қорғаушылар оны жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де бау-бақша кешенінің аумағынан тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қолында суық қару ұстап, полицейлерге шабуыл жасаған. Осыған байланысты құқық қорғаушылар оқ жаудырды. Күдіктіге медициналық көмек көрсетуге тырысқан, бірақ ол оқиға орнында қайтыс болды.

    Сонымен қатар, «Бильд» таблоидының мәліметінше, Абдул Б. атылған бау-бақша учаскесі оның әкесіне тиесілі болған. Құқық қорғаушылар күдіктінің дәл сол жерде екенін оның айналасындағы дереккөздің арқасында анықтады.

    Билік мәліметтері бойынша, атылған күдікті исламшыл топтармен байланысты болған. Ол мамыр айында ғана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер мен жас адамдарға арналған түзеу мекемесінен босатылған. Онда ол терракт дайындауға күдікпен қамауда болған.

    Абдул Б. Берлинде туған, ол Германия азаматы, ал оның отбасы ливандық тектен шыққан, деп атап өтті Н-ТВ телеарнасы. 2025 жылдың соңында жас жігіт Ливаннан оралғаннан кейін Берлин-Бранденбург әуежайында ұсталған. Тергеу оның бұған дейін террористік «Ислам мемлекеті» тобының қатарына қосылу мақсатында Сирияға кетуге әрекеттенгенін алға тартты.

    25 шілде күні кешке Берлиннің Тиргартен саябағы маңында ақ фургон ЛГБТ шеруінің қалың тобына қағып кетті. Салдарынан бір әйел қайтыс болып, 29 адам жарақат алды. Билік бұл оқиғаны терракт деп атады.

    Келесі күні Бранденбург қақпаларының маңына жүздеген адам жиналды. Олар қайтыс болған әйелді еске алып, көлік қағып кеткен шараға қатысушыларға қолдау көрсеткісі келді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →