Қазақстандықтарға автокредит алу жеңілдеуі мүмкін
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов автокредиттердегі борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау ұсынысына қатысты пікір білдірді. Қарыз көлемі 60%-ға өссе, сапасы төмендеп келеді.
Сурет: tengrinews.kz
60 пайыз – соңғы үш жылдағы автокредит портфелінің жылдық өсімі. Алайда бұл қарқын қарыз сапасының нашарлауына әкеліп отыр. Осы орайда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов автокредиттерді беру жеңілдетілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
21 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ведомство автокредит алуды жеңілдетуді қалайтынын мәлімдеді. Ол үшін автокредиттерді беру кезінде борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) алып тастау және жеке тұлғалар үшін автолизингті дамыту ұсынылды.
Ұлттық банк басшысы автокредиттеу нарығы соңғы жылдары орасан зор қарқынмен өсіп, тіпті стандартты тұтыну несиелерінен озып кеткенін атап өтті. Алайда шығарылым көлемімен бірге проблемалық қарыздардың үлесі де өсуде. «Өте қарқынды өсуді байқап отырмыз. Соңғы үш жылда автокредит портфелінің өсімі шамамен 60 пайызды құрады. Тұтыну несиелері 30 пайызға өссе, автокредиттер шамамен 60 пайызға өсіп отыр. Сонымен қатар несие сапасы аздап нашарлап келеді. Несиелердің шамамен 5,7 пайызы үшінші сатыда, бірқатар несиелерді банктер есептен шығара бастады. Мұның бәрін көріп, бақылап отырмыз», – деді Тимур Сүлейменов.
Қарыз алушының табысын ескермей автокредит берудің басты қаупі – төлем қабілетсіздігі кезінде қаржылық тұзаққа түсу. Егер адам төлемді көтере алмаса, көлікті сату банк алдындағы қарызды толық жабуға кепілдік бермейді, деп түсіндірді Сүлейменов. «10 миллион теңгеге көлік алдыңыз, бір жыл төледіңіз, кейін төлей алмай қалдыңыз – жұмыстан айырылдыңыз немесе басқа жағдайлар болды. Көлігіңізді қалдық құны бойынша, айталық, 5-7 миллион теңгеге алып қояды, ал сізде 3-5 миллион теңге банктік қалдық қалады, оны әрі қарай өтеуге тура келеді», – деді ол.
Тимур Сүлейменов мұндай жағдайлардың алдын алу үшін пруденциялық реттеу құралы қолданылатынын, ол шамадан тыс қарыз алуды болдырмауға көмектесетінін атап өтті. БЖК бойынша жеңілдіктер автокөлік өнеркәсібін ынталандыру үшін енгізілген, бірақ ол мерзімсіз бола алмайды. Сүлейменовтың айтуынша, шектеулерді қайтарудың негізгі бағдары – 2027 жылғы 1 қаңтар, алақан соңғы шешім банктер мен азаматтардың мінез-құлқына байланысты болады. «Бірнеше жыл бұрын, шамамен үш жыл бұрын, отандық автокөлік өнеркәсібін қолдау үшін автокөлікке қатысты БЖК алынып тасталды, ал жаңа көліктерге қатысты айтарлықтай төмендетілді. Сондықтан біз автокредит портфелінің өсуін және осы портфельдің сапасын мұқият бақылап отырмыз. Бұл уақытша жеңілдік болды. Оның қашан және қандай форматта жойылатынын мұқият қарастырамыз», – деді спикер.
Қазіргі уақытта Қазақстанда автокредиттерді рәсімдеу кезінде уақытша жеңілдік қолданылады. 2026 жылдың соңына дейін банктер жаңа көліктерге, сондай-ақ бірқатар шарттарды сақтағанда пайдаланылған көліктерге несие беру кезінде БЖК есептемейді. Осыдан кейін жеңілдік аяқталуы тиіс. Өнеркәсіп министрлігі БЖК-нің жойылуы автокредиттерді қолжетімді етіп, отандық автокөлік өнеркәсібін қолдайтынын бірнеше рет айтты. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған дейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап, егер қолданыстағы жеңілдік ұзартылмаса, автокредиттерді беру кезінде БЖК қайта ескерілетінін хабарлаған болатын.
