Алматы әкімі Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырды
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын жаңғырту, бұқаралық спортты қолдау және халықаралық жарыстарға дайындық бойынша тапсырмалар берді.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен спорт саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жиында спорт резервін даярлау, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, нысандардың қолжетімділігін арттыру және ірі халықаралық жарыстарды өткізу мәселелері қаралды. Қалалық Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.

Бүгінгі таңда ұлттық құрамада 2 544 алматылық спортшы бар, яғни әрбір төртінші мүше — алматылық. Олардың еншісінде 2 230 медаль: оның ішінде әлем чемпионаттарының 60, Азия чемпионаттарының 105 және Қазақстан чемпионаттарының 2 065 медалі. Биыл спорттық гимнастикадан Әлем кубогы кезеңдерінде және стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жеңістерге қол жеткізілді.
Ай сайынғы ақшалай қамсыздандыру алушылар саны төрт есеге жуық өсті: спортшылар 244-тен 925-ке, жаттықтырушылар 28-ден 341-ге дейін артты. Қолдау жүйесі жасөспірімдерді, жастарды, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт өкілдерін қамтиды. 200-ден астам жетекші спортшы тереңдетілген ғылыми-медициналық тексеруден өтті.

Тұрғындарды белсенділікке тарту үшін «ALMATY MOVE», «Спорт – Достық алаңы», Студенттік спорт лигасы, Балалар футбол лигасы жобалары және тегін жаттығулар өткізілуде. Ірі спорттық іс-шараларға 40 мыңнан астам адам қатысты. Жыл соңына дейін қаланың барлық ауданында 2 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар Алматы 35 халықаралық жарысты қабылдауға дайындалуда, оның ішінде Almaty Marathon, ATP 250 Almaty Open, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, WTT Youth Contender Almaty, FIBA Азия кубогының іріктеу ойындары және FIDE ұйымдастыратын университеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатының финалы бар.
Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастыруды, оның тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыруды, балалар мен жасөспірімдер спортына басымдық беруді және халықаралық жарыстарға сапалы даярлауды тапсырды. Сонымен қатар қолданыстағы инфрақұрылымның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және барлық ауданда тегін спорттық жаттығулардың санын көбейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
