Негізгі мазмұнға өту
Today Live

«Қазақмыс» Нұрқазғандағы жұмыскерлерге арналған жаңа кешеннің іргетасына естелік капсула салды

«Қазақмыс» Нұрқазғандағы жұмыскерлерге арналған жаңа кешеннің іргетасына естелік капсула салды

Фото: Қазақмыс

Қарағанды облысындағы Нұрқазған байыту фабрикасында кәсіпорын жұмыскерлеріне арналған жаңа блокты-модульді әкімшілік-тұрмыстық кешен құрылысының басталуын білдіретін естелік капсуланы қалау рәсімі өтті. Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қызметкерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Құрылысқа салынатын инвестицияның жалпы көлемі 2,39 млрд теңгені құрайды. Жалпы ауданы 2 400 шаршы метрден асатын екі қабатты жаңа кешен 567 жұмыскерге арналған. Ол өндірістік алаңдағы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымның ең ірі нысандарының біріне айналады.

Ғимаратта санитариялық-тұрмыстық, кір жуу және медициналық блоктар орналасады. Жұмыскерлер үшін жуынатын бөлмелер, арнайы киімді кептіруге арналған орындар, автоматтандырылған кір жуу бөлімі, демалыс бөлмелері, сондай-ақ ауысым алдындағы медициналық тексеру, физиотерапия және ем-шара кабинеттері бар медициналық пункт жабдықталады.

Салтанатты рәсімге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы – тау-кен өндірісі және байыту жөніндегі бас операциялық директор Мұқан Үңгітбаев, күрделі жобалар жөніндегі басқарушы директор Максим Даценко, кәсіпорын басшылары, бас мердігердің өкілдері және Нұрқазған байыту фабрикасының жұмыскерлері қатысты.

Салтанатты рәсімді ашқан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков:

«Бүгін біз маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз – Нұрқазған байыту фабрикасының жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Бұл жай ғана кезекті құрылыс жобасының басталуы емес. Бұл – «Қазақмыс» корпорациясының жұмыскерлер үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайын жасау жолындағы кезекті қадамы. Сондай-ақ еңбек адамына қамқорлық жасау Компанияның басты басымдықтарының бірі болып қала беретінінің айқын дәлелі», –деді.

Компания басшылығы мен бас мердігердің кешеннің болашақ жұмыскерлеріне арналған үндеуге қол қоюы іс-шараның маңызды сәттерінің бірі болды. Құжат естелік капсулаға салынып, салтанатты түрде болашақ ғимараттың іргетасына қаланды. Капсуланы құрылыс толық аяқталып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін ашу жоспарланған.

Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы Қазақмыстың өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Компания заманауи еңбек жағдайын қалыптастыруға жүйелі түрде инвестиция салып келеді және тұрмыстық инфрақұрылымды дамытуды өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қызметкерлерге қамқорлық жасаудың және жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады.

Жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысын аяқтап, оны пайдалануға беру 2027 жылғы тамыз айына жоспарланған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы →
Яндекс.Метрика