Фото: Pixabay
Оралда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 12 жасар Дамели Әбдірахманова кенеттен көз жұмды. Жасөспірім ауруханаға «іріңді ангина» диагнозымен жатқызылған болатын, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Марқұмның туыстары бұл қайғылы жағдайға медицина қызметкерлерінің салғырттығы мен баяулығы себеп болды деп есептейді.
«Бір тәулік ішінде солып қалды»
Жақындарының айтуынша, 12 жасар Дамели ауруханаға 28 маусым күні тамағының қатты ауырғанына шағымданып түскен. Қабылдау бөлімінде оған «іріңді ангина» диагнозы қойылып, палатаға орналастырылған. Қыздың анасы қызының қасында қалғысы келгенімен, заңды өкілдерге жасына байланысты стационарда бірге болуға рұқсат берілмеген. Ал келесі күні таңертең баланың жағдайы күрт нашарлап кеткен.
«Дүйсенбі күні таңертең Дамели бізге телефон соғып, жағдайының нашар екенін және жүрегі қатты соғып жатқанын айтты. Әжесі оған дереу дәрігерлерді шақыруды бұйырды. Бірақ қызымыз дәрігерлердің тек қызуын өлшеп, шығып кеткенін жеткізді. Біз бірден ауруханаға қарай жолға шықтық. Алайда жолда бара жатқанда Дамелиді жансақтау бөліміне ауыстырғанын хабарлады. Ауруханаға жеткенімізде баланың қайтыс болып кеткенін білдік», — дейді қыздың немере ағасы Ғалымжан Әбдірахманов.
Бейнекамералар не тіркеді?
Қайғыдан қан жылаған туыстары Дамелидің палатаның ішінде-ақ жан тапсырғанына және оны жансақтау бөліміне жеткізуге үлгермегеніне сенімді. Оқиғаның хронологиясын қалпына келтіру үшін отбасы мүшелері полиция қызметкерлерімен бірге аурухана дәлізіндегі бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап шыққан.
Жақындарының сөзіне сүйенсек, таспада Дамели жатқан палатадан көрші қыздың жүгіріп шығып, медициналық персоналды көмекке шақыра бастағаны анық көрінеді.
«Каталка (науқастарды тасымалдайтын арба) палатаның есігіне қысылып, кептеліп қалған. Дәрігерлер сол жерде топталып тұрды. Дәліздегі қандай жансақтау шаралары туралы сөз болуы мүмкін? Ал бізге дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық процедураларды жасадық деп сендірді. Біз бұны нағыз салғырттық пен жауапсыздық деп есептейміз. Егер көмек уақытылы әрі білікті түрде көрсетілгенде, бұл трагедия болмас еді. Онда кәдімгі ангина болды, ол ауыр науқас емес еді, қатерлі ісік (рак) емес қой. Соған қарамастан бала келесі күні-ақ қайтыс болып кетті», — деп наразылық білдірді марқұмның туыстары.
Жақындары Дамелидің өте дені сау бала болып өскенін, ешқандай медициналық есепте тұрмағанын және өткен жылы ағзасын толық тексеруден (чекап) өткізгенде ешқандай патология анықталмағанын баса айтты.
Фото: mgorod.kz_
