Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Президенттің айтуынша, Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – бүкіл ел үшін айрықша маңызды оқиға. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірінің басталуын білдіреді. Ел саяси-экономикалық реформалар, ауқымды өзгерістер және қарқынды даму жолына түседі.
15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда халық ел тағдырына тікелей ықпал ететін таңдау жасады. Миллиондаған отандас бірлік танытып, отаншылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Бұл шешім тарихта алтын әріппен жазылады.
Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Бұл көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заң қағидаттарымен тоғыстырып, азаматтардың ынтымақ, білім және адал еңбекке талпынысымен үндеседі.
Президент нағыз Халық Конституциясының негізінде барлық мақсаттарға жететініне сенім білдірді. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау құндылықтары орнығады. Қазақстан әлемдік өркениет шыңын бағындырып, Әділетті Қазақстанды құрады.
