Сурет: kaztag.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
«Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Біздің Негізгі заңымыз ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған байланысты мен бірқатар құжаттарға, оның ішінде Құрылтайға сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлау науқаны партиялар арасындағы саяси бәсекелестікті күшейтіп, ашық, адал және әділ саяси күрестің үлгісіне айналуы тиіс.
Президент Қазақстан халқы жүргізіліп жатқан реформалардың басты қозғаушы күші екенін, ал азаматтардың сайлауға қатысуы олардың ел болашағы үшін жауапкершілігінің көрінісі болатынын атап өтті.
«Сайлауға қатысу мемлекеттік маңызы бар істерге араласу дегенді білдіреді. Осы орайда отандастарымыздың алдағы электоралдық науқанға барынша белсенді қатысатынына сенім білдіргім келеді», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Құрылтай Жаңа Қазақстанның маңызды символы екенін, оның құрамына нағыз патриоттар, белсенді және мемлекетшіл азаматтар кіруі керектігін атап көрсетті.
«Құрылтай – Жаңа Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз патриоттар, белсенді және мемлекетшіл тұлғалар – яғни үздіктердің үздігі кіруі тиіс. Өйткені халық Құрылтайдың жұмысы арқылы реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын бағалайды», – деді президент.
Мемлекет басшысы сенат пен мәжіліс басшылығы мен депутаттарына жұмысы үшін алғыс айтып, қазіргі парламентарийлердің бір бөлігі Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі құрамында қызметін жалғастыратынына сенім білдірді.
