Басты бет » Көкшетауда жалғызбасты ананы басып өлтірген әйелдің күйеуі де жаза арқаламақ

Көкшетауда жалғызбасты ананы басып өлтірген әйелдің күйеуі де жаза арқаламақ

Фото: видеодан скрин

Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне себеп болған әйелге сот үкімі шықты. Енді оған көлік басқаруға рұқсат берген күйеуіне қатысты да қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда жол талғамайтын көлік аулаға кіргеннен кейін кенет жылдамдық алып, жол жиегімен кетіп бара жатқан әйелді қағып кеткені көрінеді. Апат салдарынан әйел көз жұмды. Оның артында жалғыз өзі тәрбиелеп отырған кішкентай ұлы қалды.

Тергеу барысында көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды. Сондай-ақ оның рөлге жаңа JETOUR көлігінің иесі әрі жанында отырған күйеуінің рұқсатымен отырғаны белгілі болды. Көлікте балаларды қоса алғанда бірнеше жолаушы болған.

Көкшетау қалалық сотында айыпталушы көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғанын мойындады. Оның айтуынша, жолға күйеуінің денсаулығы сыр бергендіктен өзі шыққан.

Сот шешімімен әйел екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін ескеріп, жазаны орындау үш жылға кейінге шегерілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ал жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік тізгінін сеніп тапсырған күйеуіне қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика