Алайда, мерзімді әскери қызметтен қалдыруға уәде еткен адам ақшаны алып, хабарсыз кеткен. Осыған дейін 20 жастағы жас жігіт полицияға шағым түсірген. Полицейлер мерзімді әскери қызметін кейінге қалдыруға көмектесемін деп алдаған күдіктіні қолға түсірді, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
«Белгісіз ер адам 250 мың теңге көлемінде ақшаға әскери қызметін кейінге қалдыруды рәсімдеуге көмектесетінін уәде еткен. Оның сөзіне сенген жас жігіт сұраған ақшасын берген. Ақшаны алғаннан кейін ол із-түзсіз жоғалып, байланысқа шықпаған», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны қолға түсірді. Күдіктінің 21 жастағы жергілікті тұрғын екені белгілі болды.
Тергеу мәліметінше, күдікті алған қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Қазір аталған факті бойынша алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
