«100 млн теңге ұсынған»: Әл-Фарабидегі жол апатына кінәлі жігіттің қалай кешірім алғаны белгілі болды

Алматыда болған үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Іс бойынша айыпталушы ретінде танылған Александр Пакқа марқұмдардың үш отбасы да кешірім бергені белгілі болды. Олар соттан айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде және қоғам арасында әртүрлі пікір туғызды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы.

Көпшілік арасында мұндай шешімді түсіну қиын екенін айтып, оның астарында қаржылай өтемақы болуы мүмкін деген болжамдар да тараған. Журналист Гүлжан Ерғалиева бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдіріп, жағдайдың моральдық және құқықтық қырына тоқталды.

«Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты соттағы жағдайды сенсация деуге де болады. Айыпталушы ретінде танылған азаматқа марқұмдардың барлық тарапы кешірім беріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Бұл әрекет сырт көзге түсініксіз, тіпті қоғам үшін үйреншікті емес, ауыр қабылданатын жағдай сияқты көрінеді. Көпшілік мұның артында қаржылай өтемақы бар екенін бірден аңғарды. Әр отбасыға шамамен 100 миллион теңге көлемінде өтемақы ұсынылғаны айтылады», — деп жазды ол.

Оның сөзінше, бұл заң бойынша мұндай келісім татуласу ретінде қарастырылуы мүмкін. Дегенмен журналист бұл жағдайдың қоғамға ауыр тигенін де атап өтті.

«Бірақ отызға да толмаған үш жас адамның қазасынан кейін ата-аналардың мұндай шешім қабылдауы қоғамда ауыр әсер қалдырды. Кейбірі мұны моральдық тұрғыдан қабылдау қиын, тіпті сатқындық деп бағалап отыр. Шын мәнінде, бұл жерде құқық пен ар-ождан бір-біріне қайшы келіп тұрғандай. Бір жағында — кешіру мен материалдық өтемақы, екінші жағында — ең ауыр жазаны талап ету тұр», — деп жазды Ерғалиева.

Оның сөзінше, көп елдерде мұндай қылмыстар қасақана ауыр санатқа жатқызылады. Сондықтан сот тек жаза тағайындап қана қоймай, келтірілген зиян үшін өтемақыны да өзі белгілейді. Мысалы, кейбір мемлекеттерде мұндай қаражаттар миллиондаған доллармен есептеледі.

«Әсіресе айыпталушының мүмкіндігі жоғары болса, жауапкершілік те соған сай болады. Егер мұндай тәжірибе қалыпты жағдайға айналса, онда жолдағы ауыр қылмыстарды ақшамен “жаптырып”, жеңіл жазамен құтылуға болады деген қауіпті түсінік қалыптасуы мүмкін», — деді ол.

Іс бойынша сот процесі әлі жалғасты өтіп жатыр. Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған еді. Zeekr электромобилі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Шулы оқиғаға кәніл ретінде полиция қызметкері ұсталса, жалған ақпараты таратты деген күдікпен белгілі блогер де қамауға алынды.

Фото: видеодан скриншот

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика