40 күндік қызықты ойын: Футболдан әлем чемпионаты басталады

Ертең төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионаты басталады. Аладоп аламаны осымен тарихта 23-ші рет өтеді.  Сарапшылар жылдағы дәстүрден жаңылмай, еуропалық немесе оңтүстік америкалық елдердің бірі топ жарады деп топшылайды. Сонымен нақты қай құрама әлем чемпионы атануы мүмкін?  Ертең футболдан әлем чемпионатын тарихта тұңғыш рет бір мезетте 3 мемлекет қабылдайды. Яғни АҚШ, Канада, Мексиканың 16 қаласында өтеді, деп жазады 24.kz-ке  сілтеме жасаған Qazaqtoday.info порталы. 

Мундиальдың ашылуы Мехикодағы «Ацтека» стадионында ұйымдастырылады. Онда танымал әнші Шакира осымен 3-ші рет FIFA-ның ресми әнін шырқайды.  Осы мундиальда гол саны бойынша рекорд жаңартылуы мүмкін. 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатына 32 команда қатысып, бас аяғы 172 гол соғылған болатын. Енді қатысушы елдер саны 48-ге артып отыр.

Олар 12 топқа бөлініп, әрқайсынан 1-ші, 2-ші орын алғандар және үшінші орын алған үздік 8 мемлекет плей-оффқа жолдама алады. Жарыстың шешуші кезеңі 1/16 финалдан басталады.

Берік Шарав, футбол сарапшысы: — Алдыңғы жылы финалға жеткен команда 7 ойын ойнаға болса, осы жолы 8 ойын ойнайды. Бұл жерде шыдамдылық, командадағы ішкі атмосфера өте маңызды рөл атқарады.  Сарапшылардың пайымынша, әлем чепионы атануға басты үміткерлер қатарында қазіргі чемпион Аргентина және Англия, Португалия, Франция құрамалары бар.

Есей Жеңісұлы, спорт сарапшысы: — Өз басым Нидерланды мен Португалияға жанкүйер боламын. Өйткені бұл командалар әлі чемпион болып көрген жоқ. Оның үстіне олардың қазіргі буыны өте талантты. Бұл – енді жай жанкүйерлік көңіл. Шындығында бәрін жасыл алаң көрсетеді. Алайда өз басым осы еуропалық команданың бірі жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Берік Шарав, футбол сарапшысы: — Мен өзім Англия құрамасын айтқым келіп тұр. Неге? Өйткені Англия ойыншылардың жеке шеберлігіне емес командалық ойынға назар аударып отыр. Бас бапкері Тухель де прагматикалық футбол ойнайтын жаттықтырушы болғандықтан командалық ойымен алысқа шабады деп ойлаймын.

Есей Жеңісұлы, спорт сарапшысы: — Өз басым Өзбекстан, Түркия сияқты іш тартатын командалар жақсы нәтижеге жетіп, сенсация жасаса екен деп күтеміз. Өйткені 2002 жылы Түркия күтпеген жерден қола алған болатын. Соны неге қайталамасқа. Сосын африкалық бір команда және Азиядан Жапония құрамасынан үлкен үміт күтемін. Олар 1998 жылдан бері әбден сақа командаға айналды.

«Сондай-ақ аутсайдерлерден Норвегия, Морокко, Сенегал құрамалары да сенсация жасауы мүмкін дейді», — мамандар.

Берік Шарав, футбол сарапшысы:  — Ортаңқол командалар бар өте жақсы нәтиже күтуге болатын. Арасында Эрлинг Холланд пен Эдегор сияқты мықты ойыншылары бар. Командалық ойындары өте жақсы. Бұлар кем дегенде ¼ финалға барады деп ойлаймын.

Футбол мерекесі 11 маусымда басталып, 19 шілдеге дейін жалғасады. Турнирдің алғашқы ойыны Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы арасында өтеді.

Фото: 24.kz

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика