Фото:Ақорда
Астанада өтіп жатқан V Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары озық технологиялық және цифрлық шешімдер мен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктеріне арналған көрмені аралады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, мәртебелі меймандар жасанды интеллект мұражайының экспозициясымен және ЕАЭО-ға қатысушы елдердің стендтерімен танысты. Қазақстан тарапы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы Astana Smart City, Alem GPT, Smart Data Finance, Smart Cargo+Keden сияқты негізгі бастамаларын таныстырды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық трансформация және жаңа технологиялардың экономика мен еңбек нарығына әсері туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы екі апта бұрын Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары туралы жарлыққа қол қойғанын да еске салды.
Айта кетейік, Астанадағы форумға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері, Армения вице-премьері, сондай-ақ Куба, Вьетнам, Моңғолиядан келген жоғары лауазымды делегациялар және ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысуда.
