Иран АҚШ соққыларынан кейін мұнай бағасы барреліне 200 долларға жететінін ескертті

Фото: depositphotos.com

АҚШ Таяу Шығыстағы және Иран маңындағы «әскери авантюраларын» жалғастырып отырған кезде қандай да бір келісім туралы сөз қозғау мүмкін емес. Бұл туралы Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық жедел штабының ресми өкілі Эбрахим Зольфагари  әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы РБК –ға сілтеме жасап.

«АҚШ үкіметі күш тілін ғана түсінетінін бірнеше рет көрсетті. Мұнайдың барреліне $200 болуына дайындалыңыздар», — Эбрахим Зольфагари.

26 мамырға қараған түні АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі Ислам революциясы сақшылары корпусының екі катеріне және Бендер-Аббас портындағы зениттік-зымыран кешеніне соққы жасаған. Вашингтонның мәліметінше, катерлер Ормуз бұғазын миналаумен айналысқан, ал зымыран қондырғысы америкалық ұшақтарға бағытталған. АҚШ бұл шабуылдарды «қорғаныс мақсатындағы әрекет» деп атап, атысты тоқтату режимі әлі де күшінде екенін мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларынан кейін Brent маркалы мұнай фьючерстері Азия саудасының басында 1%-дан астам қымбаттап, барреліне $97,32-ге жеткен. АҚШ пен Иран арасында сәуір айының басында жарияланған атысты тоқтату режимі әрекет етіп келеді. Кейін АҚШ президенті  Дональд Трамп  бұл режимді арнайы бұйрыққа дейін ұзартқан болатын. Алайда мамыр айында тараптар Ормуз бұғазында өзара соққы алмасты. Иран мұны бітімді бұзу деп бағаласа, Трамп әскери әрекеттерді «жеңіл ғана тепкі» деп сипаттады. Сол кезде АҚШ әскері Бендер-Аббас порты мен Кешм аралына соққы жасаған.

Ал Иран USS Truxtun, USS Rafael Peralta және USS Mason атты америкалық үш эсминецке шабуылдаған. АҚШ тарапы кемелердің зардап шекпегенін хабарлады. Соңғы күндері АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жандана түсті. Axios мәліметінше, тараптар бітімді тағы 60 күнге ұзартатын соңғы келісімді дайындап жатыр. 19 мамырда Трамп соққыларды қайта бастауға «бір сағат қана қалғанын», алайда оған «тағы бірнеше күн күте тұруды» өтінгенін айтқан. Оның сөзінше, Тегеран «ақылға қонымды әрекет етіп жатыр». Кейін АҚШ президенті келіссөздерді конструктивті деп бағалап, бірақ қателік жібермеу үшін мәмілемен асықпауға шақырды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика