Сурет: toppress.kz
Алматы облысында Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтік көлікпен өз әйелін қағып өлтірді деген күдікке ілінді. 37 жастағы полиция майоры отбасылық жанжалдан соң осындай оқиғаға жол берген. Қайғылы оқиға салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Қайғылы оқиға 16 мамыр күні таңертең Қонаев – Бақанас тасжолының 84-шақырымында болған. Алдын ала тексеру материалдарына сәйкес, майор Бауыржан Қабдулданов Қонаев қаласынан Бақанас ауылына Hyundai Elantra қызметтік көлігімен қайтып келе жатқан.
Күдіктінің алғашқы жауабына сәйкес, көлікте келе жатқанда ерлі-зайыпты арасында жанжал туындап, әйел жүріп бара жатқан көліктен түспек болған. Полиция қызметкері Бақбақты ауылының маңында көлікті тоқтатып, әйелін түсіріп, ары қарай кетіп қалғанын айтады. Шамамен үш шақырым жүрген соң, ол райынан қайтып, әйелін алып кету үшін кері бұрылған. Полицейдің сөзінше, әйел жарықтандырылмаған жолдың ортасында отырған, ал ол қараңғыда дер кезінде байқамай, қағып кеткен.
Алған жарақаттардан жәбірленуші жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ведомствоның хабарлауынша, резонансты істің тергеу барысы Алматы облысы ПД басшылығының жеке бақылауына алынған. Күдіктінің нұсқасын толық тексеру үшін қажетті сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар кешені тағайындалды.
