Өзара мәдени байланысты нығайту: Қытай билігі әлемнің 90 елінен журналистерді жинады

Қытай әлемнің 90 елінен келген жүзден астам журналист Бейжіңге жинады. Олар алдағы үш ай бойы Қытайдың саяси, экономикалық, технологиялық және мәдени өмірімен жақын танысып, жетекші медиаларда тәжірибе алмасады. Бұл – түрлі мемлекет журналистерін бір алаңға жинап, кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған ірі халықаралық бастамалардың бірі, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы. 

2026 жылғы China International Press Communication Center (CIPCC) бағдарламасы ресми түрде басталды. Оған Азия, Африка, Еуропа, Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдерінен келген БАҚ өкілдері қатысып жатыр. Қазақстандық журналистер де халықаралық медиа алмасудың бұл маңызды алаңынан тыс қалған жоқ.

Бағдарлама аясында қатысушылар Қытайдың жетекші ақпарат құралдарында тәжірибеден өтіп, елдің технологиялық әлеуетімен, цифрлық даму үлгісімен және медиа экожүйесімен танысады. Жоспар бойынша журналистер жасанды интеллект, робототехника, жаңа медиа және жоғары технология өндірісі бағытындағы орталықтарға барып, инновациялық жобалардың жұмысымен танысады.

Сонымен қатар қатысушылар Қытайдың ірі медиа құрылымдарында, соның ішінде CGTN, Xinhua News Agency және People’s Daily секілді ақпарат құралдарында тәжірибе жинақтайды. Бұл журналистерге халықаралық медиа жұмысының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның маңызды тұстарының бірі – кәсіби тәжірибемен қатар мәдени таныстықтың қатар жүруі. Қатысушылар Қытайдың тарихи орындарын аралап, жергілікті өмір салтын, қоғамдық жүйесін және күнделікті тұрмыс ерекшеліктерін жақыннан таниды. Мұндай тәжірибе ел туралы түсінікті кеңейтіп, түрлі мәдениеттер арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Соңғы жылдары Қытай халықаралық білім беру, технология, медиа және мәдени байланыстарға басымдық беріп келеді. Бейжің бүгінде тек саяси орталық қана емес, инновация мен халықаралық коммуникацияның маңызды хабына айналған. Заманауи инфрақұрылым, цифрлық технологиялардың кең қолданысы, жылдам даму қарқыны – елдің бүгінгі келбетін айқындайтын басты ерекшеліктердің бірі.

CIPCC бағдарламасының негізгі мақсаты – әртүрлі елден келген журналистер арасында тұрақты кәсіби байланыс орнату, тәжірибе бөлісу және халықаралық ақпарат алмасуды дамыту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар медиасала өкілдерінің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттың рөлі артып келеді. Осындай халықаралық бағдарламалар журналистер үшін тек тағылымдама емес, жаңа тәжірибе, жаңа байланыс және әлемді тереңірек тануға берілетін мүмкіндік деуге болады.

Фото: qazaqtoday.info

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика