Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында Бұқтырма су қоймасының жанындағы орман алқабы өртенді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Аюда шатқалындағы Приморск орманшылығы аумағында тұтанған қызыл жалынды сөндіруге ТЖМ күштері жұмылдырылып, қазіргі уақытта өрт оқшауланды.
Өртпен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы, орман шаруашылығы қызметкерлерінің десанты және ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы тартылды. Өрт сөндіру жұмыстары таулы жер бедері мен екпінді желдің салдарынан күрделене түскен.
Ведомствоның хабарлауынша, құтқарушылар мен орманшылардың бірлескен күш-жігерінің арқасында тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол берілмеді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
