Енді ұшаққа аспаптарды қол жүгі ретінде алып кіруге болады

Енді музыкалық аспаптарды алғаш рет ресми түрде ұшақ салонына қол жүгі ретінде алып өтуге рұқсат беріледі. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Көлік министрлігі әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдау ережелеріне өзгеріс енгізді. Қазір әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдаудың қолданыстағы нормаларына түзетулер әзірленіп жатыр. Бастамаға азаматтардан түскен көптеген өтініш негіз болған.

Жаңа талаптарға сәйкес, аспаптардың, соның ішінде домбыра мен қобыздың өлшемдері 110×35×30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауы тиіс.

«Егер жолаушы тек музыкалық аспапты, мысалы домбыраны алып жүрсе, ол қол жүгi ретінде тегін тасымалданады. Ал егер аспап қосымша қол жүгi ретінде артық багаж санатына кірсе, онда оны тасымалдау авиакомпаниялардың қолданыстағы ережесіне сай ақылы болады», – деп түсіндірді министрлік.

Бұған дейін музыкалық аспаптарды тасымалдаудың бірыңғай ережелері болмаған.

Айта кетейік, бұған дейін аспапты ұшаққа кіргізу мәселені  бойынша өнер иелері  келеңсіздікке ұшырап,  қоғам  назарын аудартқан  еді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика