Қазақстандағы ормандарды енді жасанды интеллект «күзетеді»

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында орман өрттерін ерте анықтайтын жаңа жүйенің дайындығын тексерді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орманды қорғау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қолға алынған шара, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйенің мүмкіндіктерімен танысты. Пилоттық режимде іске қосылған бұл технология орман мен даладағы өртті алыс қашықтықтан және кез келген ауа райында анықтай алады.

Дәл осы жерде Олжас Бектеновтің, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен орман өртінің имитациясы жасалып, арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Резерват мамандары мен өрт сөндірушілер цифрлық технологиялардың тиімділігін және қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмін көрсетті.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаевтың айтуынша, заманауи тепловизорлық және оптикалық камералармен жабдықталған тәулік бойы жұмыс істейтін бейнемониторинг кешендері өрт белгілерін бастапқы кезеңде автоматты түрде тіркейді. Өрт немесе түтін анықталған кезде жүйе дереу Жедел басқару орталығына дабыл береді. Бұл ошақты тез арада оқшаулап, жоюға мүмкіндік береді. Осындай орталықтар «Семей орманының» Абай облысының 7 ауданында орналасқан барлық 10 филиалында ашылған.

Президент тапсырмасы бойынша өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. «Қазақтелеком» АҚ цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Бақтияр Қожахметовтің сөзінше, бұл жүйе Ақмола облысының бес орман шаруашылығында, Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы және Баянауыл табиғи парктерінде орнатылуда. Сондай-ақ Іле-Алатау, Сайрам-Өгем ұлттық парктері мен «Көлсай көлдері» табиғи паркінде жұмыстар аяқталуға жақын. Үшінші кезеңде Шығыс Қазақстан облысының 10 орман шаруашылығы мен Қатонқарағай ұлттық паркі қамтылады. Осылайша, биыл шілдеде еліміздегі ең қауіпті 24 табиғи паркті қамту жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз орман қорын қорғаудың жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Тек орманды қалпына келтіріп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда. Өткен жылы резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын 37 заманауи камерасы бар өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Технологияны тікелей патрульдеумен толықтыру керегін ұмытпау керек. Бұл жұмыстар Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсаттарына толық сәйкес келеді», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын жеделдетіп, сапалы орындауды тапсырды. Сонымен қатар, ол Краснокордон орманшылығына барып, «Семей орманы» шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарымен танысты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика