Фото: Қазақмыс
Қазақмыс корпорациясы мамандардың еңбек жағдайын жақсартып, техникалық базаны жаңғырту арқылы геологиялық барлауды дамытуға басымдық беруде. Тиісті шешім басшылық пен бейінді бөлімшелердің қатысуымен өткен бірқатар өндірістік кеңес қорытындылары бойынша қабылданды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Kazakhmys Barlau базасында басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржановтың төрағалығымен 2026 жылға арналған геологиялық барлау жұмысының жоспары жаңартылды. Бұл істе бұрғылау бағдарламасының параметрлері қамтылып, бірінші тоқсан қорытындысы мен минералдық-шикізаттық қорды толықтыру бойынша ағымдағы міндеттер ескерілді.
Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарындағы телімдерде жұмыс жалғасуда. Бұрғылау жұмысының жалпы көлемі шамамен 14,5 мың қума метрді құрайды. Алынған деректер геологиялық құрылымды нақтылап, болашақта жоспарлау дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ су тасқыны кезеңінде тұрақты жұмысты қамтамасыз ету үшін тиісті шара қабылданды.
Компанияда басты назар адамдарға бағытталған. 2026 жылы Нұрқазған кен орнында және Жезқазғанда геологтар мен маркшейдерлерге арналған заманауи әкімшілік-тұрмыстық кешендердің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа 425 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа нысандар модульдік форматта салынып, құрылыс мерзімін жеделдетуге және пайдалануда икемділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әкімшілік-тұрмыстық кешендер жұмыскерлер үшін толыққанды инфрақұрылым құруды көздейді: мамандарға арналған кеңсе ғимараты, жуынатын бөлме мен санитарлық-тұрмыстық аймақ, киім ауыстыратын бөлме, тынығу бөлмесі, сондай-ақ жабдықтар мен құрал-саймандарды сақтауға арналған қойма мен қосалқы бөлмелер. Мұндай тәсіл заманауи салалық стандарттарға сай келетін жайлы әрі қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар геологиялық блокты техникалық тұрғыдан қайта жарақтандырудың ауқымды бағдарламасы іске асырылуда. Ол мамандарды заманауи компьютерлік техникамен қамтамасыз етуді, арнайы бағдарламалық жасақтама мен кен орындарын 3D-модельдеуге және халықаралық стандартқа сәйкес қорды есептеуге арналған жабдықты енгізуді қамтиды.
Сонымен қатар компанияда геологиялық барлау және бұрғылау бөлімшелерінің кадрлық әлеуетін және материалдық-техникалық базасы күшейтілуде. Бұл жұмыстың тиімділігін және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қазақмыс корпорациясында инфрақұрылымды дамыту және заманауи еңбек жағдайын қалыптастыру геологиялық барлау саласының тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде қарастырылады.
