Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған шулы жол-көлік оқиғасынан кейін бірнеше полиция басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қатаң шара қабылдауы нәтижесінде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен айырылды.
Сонымен қатар департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты «әрекетсіздік» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметі «керемет» мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша жеке тергеуді бастап кетті.
«Ешкімге жеңілдік болмайды. Жол апатына қатысушылар ғана емес, оқиғаның мән-жайын жасыруға тырысқандарға да құқықтық баға беріледі», — деді ведомство басшысы.
Фото: Әлеуметтік желіден
