Бүгін Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары үш спорт түрінен сынға түседі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Астана уақытымен сағат 14:45-те фристайл-акробатикадан аралас командалық жарыс басталады. Еліміздің намысын Роман Иванов, Асан Асылхан және Аяна Жолдас қорғайды. Финалдық кезең сағат 15:45-ке жоспарланған. Жарысты «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Сағат 15:00-де шаңғы жарысынан ерлер арасындағы 50 шақырымдық масс-старт жалауын желбіретеді. Бұл сында Наиль Башмаков пен Әмірғали Мұратбеков бақ сынайды. Бұл бәсекені «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.
Кешкі бағдарламада, сағат 19:50-де конькимен жүгіру спортынан әйелдер арасындағы масс-старттың жартылай финалы өтеді. Бұл жарыста Елизавета Голубева мұз айдынына шығады. Финалдық сын сағат 21:15-те басталады. Тікелей трансляцияны «Qazsport» арнасы жүргізеді.
Қазіргі уақытта Олимпиаданың жалпы медаль есебінде Норвегия көш бастап тұр. Олардың қоржынында 37 медаль бар, оның 17-сі – алтын. Екінші орында 29 медальмен (10 алтын) АҚШ құрамасы орналасса, үздік үштікті 27 медальмен (9 алтын) Италия түйіндеп тұр.
Фото: Әлеуметтік желіден
