Әскерге бармау үшін 3,6 млн теңге берген: Павлодардағы лейтенанттың басы дауға қалды

Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің офицері ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Борышын өтеуден қашқандардан миллиондап ақша жинаған әскери қызметкер енді мемлекетке орасан зор айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Оқиғаның мән-жайына сүйенсек, әскерге шақырту алған жастар таныстары арқылы 32 жастағы лейтенантқа шыққан. Офицер оларға Отан алдындағы борышын өтеуден босатуға уәде беріп, бұл «қызметі» үшін қомақты ақы сұраған.

Жемқорлықтың құны әркімге әртүрлі белгіленген: 250 мың теңгеден бастап 1,4 миллион теңгеге дейін жеткен. Қаржы қолма-қол да, офицердің туыстарының банк карталарына аудару арқылы да қабылданып отырған. Тіпті, әскери жиыннан қашқысы келген запастағы азамат та алаяқтың арбауына түскен.

Кейін анықталғандай, офицер іс жүзінде әскерден босату туралы шешімге ешқандай әсер ете алмаған. Ол жастардың сеніміне кіріп, ақшаларын иемденуді ғана көздеген.

Офицердің әрекеті қалай әшкере болды?

Қызығы сонда, әскерге барудан қорыққан жастарды медициналық комиссия денсаулығына байланысты «уақытша жарамсыз» деп таныған. Осыдан кейін олар берген ақшаларын қайтара алмай, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) арыз түсірген. Жалпы шығын көлемі 3,6 миллион теңгені құрады.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның кішкентай балаларының болуы және шығынды өтегені жазаны жеңілдетсе, әскери антты бұзғаны ауырлататын жағдай ретінде қаралды.

Соттың түпкілікті шешімі қандай?

Семей гарнизонының әскери соты офицерді алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танып, келесідей жаза кесті:

  • Мемлекет пайдасына 28,4 миллион теңге айыппұл;

  • «Лейтенант» әскери шенінен айыру;

  • Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына шектеу.

Егер сотталған азамат алты ай ішінде айыппұлды төлей алмаса, жаза нақты түрме мерзіміне ауыстырылуы мүмкін.

Фото: ЖИ

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика