Атырау облысының жігіттері әйелдерін жиі ұрады. Кілең дінге беріліп, сақал қойған жігіттері көп өңірде отбасылық жанжал мен зорлық-зомбылық тоқтар емес. Өңірде «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп, небәрі 5 күнде 364 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Бұл туралы ПД отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Айгерім Мұратова баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрғылықты үйлерді аралап, жанжал жиі болатын отбасыларды тексерді. Мұндай отбасылар қазір тұрақты бақылауға алынған.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде түрлі заңбұзушылықтар үшін 364 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі отбасындағы тәртіпті бұзу, тыныштықты сақтамау және полиция талаптарына бағынбау деректері бойынша тіркелген.
Сонымен қатар 93 қорғау нұсқамасы беріліп, 39 адамға сот арқылы ерекше талаптар қойылды. Бұл талаптар агрессия көрсеткен адамдардың жәбірленушіге жақындауына немесе байланыс орнатуына шектеу қояды.
– Басты мақсат – отбасындағы жанжалдың ушығып кетуіне жол бермеу. Осындай алдын алу шаралары арқылы көптеген жағдайдың алдын алуға болады, – деді А.Мұратова.
Брифинг соңында полиция өкілдері тұрғындарды отбасылық жанжалға куә болған жағдайда 102 нөміріне хабар беруге шақырды.
Фото: pixabay.com
