FlyArystan әуе компаниясының сотталған бұрынғы қызметкерлерінен мемлекет пайдасына тәркіленетін мүліктің толық тізімі жарияланды. Олардың иелігінен жалпы құны жүздеген миллион теңгені құрайтын қымбат көліктер, бірнеше пәтер, криптовалюта мен ірі көлемде ақша алынады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сот үкіміне сәйкес, Дәуір Еркінұлынан құны 35,8 миллион теңге тұратын Toyota Land Cruiser 200 жол талғамайтын көлігі, 15,4 миллион теңгелік Toyota Camry, сондай-ақ анасының атына рәсімделген 62,6 миллион теңгелік Mercedes-AMG GT S спорткары тәркіленеді. Бұдан бөлек, оның туысына тіркелген ZEEKR 001 электромобилі, 1 миллион теңгелік тіркеме, банк шоттарындағы 4 миллион теңге және криптовалютасы да мемлекет меншігіне өтеді.
Екінші сотталушы Еркін Исанов та қомақты мүлкінен айырылады. Одан құны 22,1 миллион теңгелік ZEEKR 001 электромобилі, 4,2 миллион теңгелік Ducati Monster мотоциклі, әйелінің атына жазылған пәтер, бірнеше тұрақ орны және 125 миллион теңгелік қойма тәркіленді. Сонымен қатар, оның банк шоттары мен криптовалютада сақталған 255 641 теңгесі де алынады.
Ал үшінші айыпталушы Ренат Әбілхановтан 8,4 миллион теңгелік KIA K5 және 22,5 миллион теңгелік Hyundai Palisade көліктері алынады. Сондай-ақ, оның әйелінің атындағы 68,2 миллион теңгелік пәтер, анасына тіркелген 105,6 миллион теңгелік пәтер және құны 251,8 миллион теңге болатын тағы бір пәтер тәркіленеді. Бұған қоса, 4,8 миллион теңге мен 5131 АҚШ доллары да мемлекет пайдасына өндіріледі.
Фото: stan.kz
