Ақтөбеде бірнеше күннен бері тұрғындар қаланы жайлаған түсініксіз газ иісіне шағымданып, алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қала тұрғындарының айтуынша, жағымсыз иіс көшеде де, тұрғын үйлердің ішінде де қатты сезіледі. Бұл жағдай бірнеше күнге созылған соң, әлеуметтік желілерде көптеген шағым жарияланды.
Мәселеге қатысты «QazaqGaz Aimaq» компаниясы ресми жауап берді. Олардың мәліметінше, газ тарату желілерінде ешқандай апат немесе газ шығарындысы тіркелмеген.
«Халыққа жеткізілетін газ белгіленген барлық талапқа сай келеді. Біздің тараптан ешқандай ақау анықталған жоқ», — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Өз кезегінде Экология департаментінің мамандары да ауа сапасына бірнеше рет өлшеу жұмыстарын жүргізген. Алайда тексеру нәтижесінде негізгі ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген шектен аспағаны белгілі болды.
Осылайша, жағымсыз иістің нақты қайдан шығып жатқаны әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Қазір экологтар мен газ қызметінің мамандары бірлесіп, тексеруді жалғастыруда.
Фото: Әлеуметтік желіден
