Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, 2023-2025 жылдар аралығында 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункттің құрылысы аяқталған. Бұл жоба шалғайдағы ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруды көздейді. Ең көп нысан Кербұлақ (17) және Панфилов (11) аудандарында салынған.
Соның бірі – Панфилов ауданындағы 1200 тұрғыны бар Диханқайрат ауылында ашылған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт. Бұған дейін ауыл халқына 1980 жылы салынған ескі ғимаратта қызмет көрсетіліп келген. Ал жаңа нысан заманауи құралдармен толық жабдықталған.
30 жылдан астам тәжірибесі бар фельдшер Гулинұр Қамбарова жаңа ғимаратты көптен күткенін айтады.
«Біз бұрынғы ғимаратты көмірмен жылытып, тар бөлмелерде қолайсыз жағдайда тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келдік. Заманауи жабдықтар болмағандықтан, тұрғындарды көбіне аудан орталығына жіберетінбіз. Қазір жаңа пунктте алғашқы көмек көрсетуге қажеттінің бәрі бар. Мекеменің кең, жарық әрі қолайлы болғаны қуантады», — дейді ол.
Бұл жаңалыққа ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіруде.
«Ауылымызда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұрынғы мекеме тар, ескі ғимарат еді. Қазіргісі кең, қажетті бөлмелері мен заманауи жабдықтары бар. Ауыл тұрғындарының денсаулығына осындай қолайлы жағдай жасалғанына қуаныштымыз», — дейді ауыл тұрғыны Баян Көбенбаева.
Ұлттық жоба аясында Панфилов аудандық көпсалалы ауруханасының ғимаратын қайта жаңарту және жаңа корпус салу жұмыстары да жүріп жатыр.
Фото: Дмитрий Ерофеев
