Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы кәсіпқой бокс әлеміндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Белгілі украиналық журналист Святослав Осипов боксшының болашағына қатысты өз бағасын берді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Әлімханұлының қанынан мельдоний табылған болатын. Салдарынан оның Эрисланди Ларамен өтетін біріктіруші жекпе-жегі өтпей қалды. Қаңтарда ашылған B сынамасы да тыйым салынған заттың бар екенін растады.
vRINGe.com сайты бас редакторының орынбасары Святослав Осипов жағдайға қатысты ашық пікірін білдірді.
«Мен ештеңені жұмсартпай, турасын айтайын. Бәріңіз білетіндей, кәсіпқой бокс – бұл спорт элементі бар бизнес. Мұнда допинг оқиғалары жиі кездеседі және көп жағдайда жабық есік жағдайында шешіледі. Бірақ бұл тек бір жағдайда ғана мүмкін: егер айыпты боксшы – құнды актив болса. Яғни, бокс нарығына қомақты пайда әкелсе ғана. Ондай кезде қоғамға бұзылған ет, шөп шай немесе жұмыртқа диетасы сияқты қисынсыз әңгімелер айтылады», — дейді сарапшы.
Ол Жәнібек Әлімханұлының промоутерлер үшін ондай «құнды актив» санатына жатпайтынын атап өтті.
«Жәнібек сондай құнды боксшы ма? Ол үшін біреу күресе ме? Өкінішке қарай, жоқ. Оның үстіне, оның Top Rank промоутерлік компаниясымен қарым-қатынасы да ерекше. Промоутердің боксшыны Хамза Ширазбен жекпе-жектен бас тартты деп айыптағанын еске түсірейік. Бұл шын болса да, олай жасалмайды», — деп түсіндірді Осипов.
Журналисттің болжамынша, боксшыны уақытша шеттету мен чемпиондық белбеулерінен айыру жазасы күтіп тұр. Оның пікірінше, бұл жағдайдағы ең оңтайлы шешім – 6-9 айға шеттетіліп, кейін титулдық жарысқа қайта қосылу мүмкіндігін алу.
Сонымен қатар, сарапшы боксшының Top Rank-пен келісімшартының мәртебесіне назар аударды. Ол Әлімханұлына ағылшын тілін үйренуге барынша күш салуға кеңес берді. Осиповтың ойынша, тіл білу оның болашақта Дэйни Уайттың Zuffa Boxing компаниясына өтуіне жол ашуы мүмкін, себебі ол ұйым үшін боксшының БАҚ-пен еркін сөйлесуі аса маңызды.
Фото: Әлеуметтік желіден
