Токио конвенциясы: Қазақстандық студенттер үшін қандай мүмкіндік ашылды?

Жақында Қазақстан Парламентінің Сенаты жоғары білім саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын (ЮНЕСКО-ның Токио конвенциясы) ратификациялады. Бұл шешім отандық дипломдардың әлемдегі ең бәсекеге қабілетті білім беру аймақтарының бірінде мойындалуына жол ашады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Жанна Әсіпованың айтуынша, бұл құжаттың практикалық маңызы зор.

«Бұл құжат қазақстандық дипломдардың Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінде мойындалу рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді. Яғни, шетелдік университеттер мен жұмыс берушілер тарапынан отандық біліктілікке деген сенім артып, дипломдарымызды танудың ашық тетіктері іске қосылады», – дейді сарапшы.

Айта кетерлігі, Қазақстан – Орталық Азиядағы дипломдары осы аймақта институционалды түрде танылған алғашқы мемлекет. Әлемдік студенттер алмасуының 50%-ден астамы дәл осы Азия-Тынық мұхиты өңірінің үлесіне тиеді.

Сонымен қатар конвенцияны ратификациялау еліміздің шетелдік студенттер үшін тартымдылығын да арттырады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда 88 елден келген 31 500 шетелдік студент білім алған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі дамып келеді. Ондағы бағдарламалардың 85%-і жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инженерия, жаратылыстану және техникалық ғылымдар сияқты жоғары технологиялық бағыттарға арналған. Алдағы 2025–2026 оқу жылында Астана, Шымкент, Алматы, Түркістан, Қостанай сияқты қалаларда кемінде тағы 7 қосымша филиал ашу жоспарланған.

«Халықаралық интеграция саясатының ішкі басымдықтармен ұштасуы қуантады. V Ұлттық құрылтайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім мен цифрлық академиялық ортада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту міндетін қойды. Осы бағытта Coursera сияқты халықаралық білім беру платформаларындағы курстар қазақ тіліне аударылуда. Осылайша, Қазақстан бір мезгілде өз дипломдарының халықаралық беделін арттырып, жаһандық білім нарығындағы позициясын күшейте отырып, ұлттық тіл мен мәдени бірегейлікке де баса назар аударып отыр», – деп түйіндеді Жанна Әсіпова.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика