Жапония экс-премьерін өлтірген адам сотталды: Оның себебі бүкіл елді дүрліктірді

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні өлтірген Тэцуя Ямагами өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот 45 жастағы азаматты адвокаттарының жазаны жеңілдету туралы өтінішіне қарамастан, кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ямагами өз кінәсін бірден мойындаған. Алғашқы сот отырысында ол еш күмәнданбай, қылмысты өзі жасағанын мәлімдеді.

«Мұның бәрі рас. Мұны менің істегеніме ешқандай күмән жоқ», — деді ол.

Қорғаушы тарап оның балалық шағының ауыр өткенін және отбасын бір діни ұйымның күйреткенін алға тартып, 20 жылдан аспайтын жаза сұраған. Олардың айтуынша, Ямагамидің анасы бар жиған-тергенін «Бірігу шіркеуі» деп аталатын ұйымға беріп жіберген. Жалпы, бұл іс бойынша 15 сот отырысы өтті.

Прокуратураның мәліметінше, айыпталушының негізгі мақсаты – қоғам назарын осы діни топтың іс-әрекетіне аудару болған. Ямагами Синдзо Абэні саясаткерлер мен сол шіркеу арасындағы байланыстырушы тұлға деп санаған.

«Сотталушы бұрынғы премьер-министр Абэ сияқты ықпалды адамды өлтіру арқылы қоғамның назарын осы шіркеуге аударып, оған деген сыни көзқарасты күшейте аламын деп ойлады», — деді прокурор.

Еске салсақ, Синдзо Абэге қастандық 2022 жылы жасалып, ол ауруханада көз жұмған еді.

Фото: Ақорда

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика