Белгілі әнші Гүлзира Бөкейхан 57 жасында өмірден өтті

Фото: Әлеуметтік желі

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан 57 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қаралы хабарды Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы жеткізді.

“Марқұмның отбасы, туған-туыстарына, жақындарына, қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз!
Қытай елінен атажұртқа көшіп келіп, қазақ даласын әнге бөлеген, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханның дүниеден өткені туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық.
Гүлзира Бөкейхан – шетелде жүріп-ақ қазақтың қасиетті ән өнерін сақтап, елге оралған соң ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірегей жан еді. Ол Қытайда туып-өскен қазақтар арасынан алғаш болып елге танылған өнер жұлдызына айналып, халқымыздың мәдени мұрасын жаңа белеске көтерді.
Марқұмның асқақ үні, сахнадағы дара болмысы, ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілігі халық жадында мәңгі сақталады. Гүлзира ханым Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған көптеген игі шараларға әрдайым қолдау көрсетіп, шетелдерге жасалған сапарларда бірге болып, қазақ өнерін төрткүл дүниеге танытуға сүбелі үлес қосты”, – делінген хабарламада.

Гүлзира Бөкейхан 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесінде дүниеге келген.

Өнерге бала күнінен құштар болған ол кәсіби жолын ерте бастады. 1983 жылы Іле облыстық өнер колледжіне оқуға түсіп, 1986 жылы аталған білім ордасын тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Іле облыстық Қазақ ән-би театрында бастады.

Кейін білімін тереңдету мақсатында 1988–1993 жылдары Бейжің Ұлттық университетінің музыка факультетінде вокал мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды.

1999 жылы тарихи Отанына оралып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасына қабылданды. Мұнда ол КСРО халық әртісі Роза Жаманованың жетекшілігімен білім алып, 2001 жылы оқуын сәтті аяқтады. Осыдан кейін өнер иесі Астана қаласына жұмысқа шақырылды.

1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Астана мемлекеттік филармониясында және Президенттік мәдениет орталығында әнші болған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика