Тоқаев Президенттік орталықты Президент архивіне біріктіру туралы жарлыққа қол қойды
Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік орталықты Президент архивіне біріктіру туралы жарлыққа қол қойды. Архив штаты 293 бірлік, қызмет аясы кеңейеді.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттік мекемені біріктіру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл құжат бойынша Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы Президент архивінің құрамына енеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
2026 жылғы 5 қарашадағы №1555 жарлыққа сәйкес, «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі қайта ұйымдастырылады. Оған «Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қосылады.
Осыған байланысты Президенттік орталық бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты жеке мекеме ретінде жұмыс істемейді.
Жарлықта қайта ұйымдастырылған Президент архивінің штат саны 293 бірлік деп белгіленген. Сонымен қатар мекеме қызметін реттейтін ереженің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңартылған құжатқа сәйкес, Президент архиві тарихи және мәдени мұраны сақтаумен, архив қорын толықтырумен және мемлекеттік органдарды қажетті құжаттармен қамтамасыз етумен айналысады. Сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың архивтік ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мекеменің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.
Қайта ұйымдастырудан кейін мекеменің қызмет аясы кеңейеді. Президент архиві архив құжаттарын жинақтау және сақтаумен қатар, кітапханалық, музейлік, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық жұмыстарды да жүргізеді. Атап айтқанда, мекеме Қазақстан тарихын, мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуын, мемлекеттік басқару жүйесінің өзгеруін және президенттік институттың тарихын ғылыми тұрғыдан зерттейді. Сонымен бірге аталған бағыттар бойынша жинақталған тарихи деректер мен ғылыми мәліметтерді көпшілікке таныстыру жұмыстары жүргізіледі.
Жарлыққа сәйкес, Үкімет пен Президенттің Іс басқармасына қайта ұйымдастыруға байланысты қажетті шараларды қабылдау тапсырылған. Ал құжаттың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген.
Айта кетейік, жарлық 2026 жылғы 5 қарашада, яғни қол қойылған күннен бастап күшіне енген.
