Тоқаев: Жерден пайда тауып, ауылға бармайтын аграрийлер бізге керек емес
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы форумында жерден пайда тауып, ауылға бармайтын кәсіпкерлерді сынға алып, заң аясында шара қолдануды тапсырды.
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерінен табыс тапқанымен, өз шаруашылығына бармай, ірі қалаларда немесе шетелде тұратын кәсіпкерлерді сынға алды. Мемлекет басшысы мұндай жер иелеріне заң аясында шара қолдану қажеттігін айтты. Сонымен қатар фермерлердің несие төлеу үшін өнімін арзан бағаға сатуға мәжбүр болуын сынға алып, агросекторды қаржыландыру жүйесін өзгертуді тапсырды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауылдағы жерді пайдаланып, одан пайда тапқанымен, шаруашылығына жылдар бойы ат ізін салмайтын кәсіпкерлер бар екенін айтты.
Президенттің сөзінше, мемлекет туған ауылының инфрақұрылымына инвестиция салып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына үлес қосып жүрген адал фермерлерді қолдауды жалғастырады. Алайда ауыл шаруашылығын тек табыс көзіне айналдырып, өзі ірі қалаларда немесе шетелде тұратын кәсіпкерлер де бар.
«Алайда ауыл шаруашылығы жерлерінен пайда тауып, өздері ірі қалаларда, тіпті шетелде тұратын бизнесмендер бар. Олар тіпті өз шаруашылықтарына да бармайды. Көбіне мұндай адамдар әлеуметтік жауапкершілік, отандастарына жанашырлық таныту деген ұғымдардан алыс, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы мен қажеттілігінен бейхабар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұндай кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығындағы қызметінің қаншалықты қажет екенін сұрап, оларға заң аясында шара қолдану керегін айтты.
«Жерден де, халықтан да алыс мұндай аграрийлер бізге керек пе? Меніңше, жауабы түсінікті, керек емес. Сондықтан тиісті шаралар қабылдау қажет. Әрине, заң аясында. Бізге жерден де, халықтан да алыс аграрийлер керек емес», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев агроөнеркәсіп кешені Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды салалардың бірі екенін еске салды. Сондықтан ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер тек пайда табумен шектелмей, ауылдағы өмір сапасын жақсартуға да үлес қосуы керек.
Форумда Президент ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесіндегі мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, фермерлер несие бойынша алғашқы төлемді өтеу үшін жиналған өнімін бірден, нарықтағы төмен бағамен сатуға мәжбүр.
«Фермерлер егін жинағаннан кейін несие бойынша алғашқы төлемді жасау үшін өнімін көбіне өте арзан, төмен бағамен сатуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Бұл мәселені шешу үшін министрлік пен Үкімет жұмысқа кірісуі керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы аграрлық секторды қаржыландыру тетіктерінің күрделі екенін де сынға алды. Атап айтқанда, Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» өтінімдерді ұзақ қарайтынын және цифрландыру деңгейі жеткіліксіз екенін айтты.
Президент банктердің несие беру шарттары ауыл шаруашылығының маусымдық ерекшеліктеріне сай болуы керегін атап өтті. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде фермерлерге негізгі қарызды өтеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін беруді ұсынды.
Үкіметке «Бәйтерек» холдингімен және қаржы реттеушілерімен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін аграрлық секторға арналған бірыңғай инвестициялық құралдар желісін әзірлеуді тапсырды.
Бұған қоса, президент ауыл шаруашылығын несиелендіруге коммерциялық банктерді белсендірек тарту қажет екенін айтты. Тағы бір мәселе – өтінім беруден бастап қаражат алғанға дейінгі уақыттың ұзақтығы. Осы процесті жеделдетіп, шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін фермерлердің несие қабілетін цифрлық бағалау жүйесін енгізуді ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында жоқ малды бар деп көрсетіп, 50 миллион теңгеден астам субсидия алғандар тергеліп жатқанын жазған едік. Тергеу нұсқасы бойынша, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны қолды еткен.
