2025 жылы Қазақстандағы автокредиттер портфелі 42,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте автокредиттер бойынша мерзімі өткен берешек көлемі шамамен 240 млрд теңгені құрайды. Осындай жағдайда Ұлттық банк автокредиттердің жекелеген түрлеріне қатысты борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) қолдану талабынан босату мерзімін 2027 жылдың соңына дейін ұзартты, деп жазады Qazaqtoday.info.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі қарыздарға қатысты осындай ерекшелік 2029 жылдың соңына дейін ұзартылды. Бұл қарыздардың қолжетімділігін арттыра ма және мерзімі өткен берешек көлеміне қалай әсер етуі мүмкін? Осы сұрақтарға Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясова жауап береді.
Оның айтуынша, борыштық жүктеме коэффициенті қарыз алушының табысының қандай бөлігін кредит төлемдеріне жұмсайтынын көрсетеді. Қолданыстағы 0,5 коэффициенті бойынша барлық қарыздарға төленетін ай сайынғы төлемдер адамның айлық табысының жартысынан аспауы тиіс. Алайда тұрғын үй және автокредиттердің кейбір түрлеріне бұл талап қолданылмайды.
«Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі аясында берілетін қарыздар бұл талаптан босатылған. Осы ерекшеліктің қолданылу мерзімі тағы үш жылға ұзартылды. Сонымен қатар БЖК талабы жаңа автокөліктерге берілетін кредиттерге, сондай-ақ бастапқы жарна бойынша белгілі бір шарттар сақталған жағдайда пайдаланылған автокөліктерге берілетін жекелеген кредиттерге қолданылмайды.
Пайдаланылған автокөліктер үшін бастапқы жарна кемінде 50%, ал пайдаланылғанына үш жыл толмаған автокөліктер үшін кемінде 30% болуы тиіс. Автокредиттерді БЖК талабынан босату 2026 жылдың соңына дейін қолданылған еді, енді бұл мерзім тағы бір жылға ұзартылды», – деп түсіндіреді Әйгерім Ілиясова.
Сарапшының пікірінше, аталған ерекшеліктердің мерзімін ұзарту жаңа тұрғын үй қарыздары мен автокредиттер беру көлемінің төмендеуіне жол бермейді. Алайда ол бұл шешімнің екі сегментке әсерін әртүрлі бағалайды.
Мәселен, тұрғын үйге деген сұранысты халық табысының деңгейі мен жылжымайтын мүліктің жоғары бағасы шектейді. Сонымен қатар қаржыгердің бағалауынша, ипотекалық кредиттеудің шамамен 70%-ы Отбасы банк пен мемлекеттік бағдарламалардың үлесіне тиесілі.
«Бұған дейін тұрғын үй құрылыс жинақтары (ТҚЖ) жүйесінде тек мамандандырылған Отбасы банк жұмыс істеді, – дейді Ілиясова. – Ресми түрде бұл жүйе екінші деңгейлі банктер үшін толық жабық болған жоқ, бірақ оған қатысу үшін жеке лицензия қажет еді. Банк заңнамасына енгізілген өзгерістерден кейін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне мамандандырылған банктер ғана емес, әмбебап лицензия негізінде екінші деңгейлі банктер де қатыса алатыны нақты бекітілді».
Сарапшы тұрғын үй қарыздары бойынша мерзімі өткен берешек деңгейінің салыстырмалы түрде төмен болуын жинақ жүйесінің ерекшеліктерімен байланыстырады. Қарыз алушы алдымен қаражат жинайды, содан кейін ғана қарыз рәсімдеу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай модель жинақтау кезеңінің өзінде қарыз алушыдан белгілі бір қаржылық тәртіпті талап етеді.
«Шынында да, Ұлттық банк деректеріне сәйкес, ипотекалық портфельдегі мерзімі өткен берешектің үлесі 2–3%-ды құрайды. Кепілмен қамтамасыз етілген кредиттер үшін бұл қисынды көрсеткіш.
Менің ойымша, БЖК бойынша ерекшеліктің мерзімін ұзарту ипотекалық портфельдің сапасын айтарлықтай нашарлатпауы тиіс. Оның үстіне бұл шараның әлеуметтік маңызы бар. Өйткені тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бүгінде баспаналы болудың ең қолжетімді әрі тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді», – деп есептейді Әйгерім Ілиясова.
Ал автокредиттеу саласындағы жағдай, сарапшының пікірінше, ерекше назар аударуды қажет етеді. Кредит портфелінің қарқынды өсуімен қатар, Ұлттық банк үшінші сатыдағы қарыздардың, яғни құнсыздану белгілері бар және қайтарылмау қаупі жоғары кредиттердің үлесі артып отырғанын атап өтеді.
«Үшінші сатыдағы автокредиттердің үлесі 5,7%-ға жетті. Бұл көрсеткіш кепілсіз тұтынушылық қарыздар деңгейімен шамалас, ал теориялық тұрғыдан одан төмен болуы тиіс. Проблемалық автокредиттер үлесінің өсуі және жалпы портфель көлемінің айтарлықтай ұлғаюы белгілі бір алаңдаушылық туғызады», – дейді сарапшы.
Ипотекамен салыстырғанда, қарыз алушылар автокредит алу туралы шешімді әлдеқайда оңай әрі жылдам қабылдайды. Оның үстіне кредитті тікелей автосалонда қысқа уақыт ішінде рәсімдеуге болады.
Ал жеңілдетілген кредиттеу бағдарламалары мен автодилерлердің бастапқы жарнасы төмен ынталандырушы ұсыныстары сұранысты одан әрі арттырады. Алайда банкке төленетін ай сайынғы төлем – автокөлік иесінің болашақ шығындарының бір бөлігі ғана.
«Автокөлікті күтіп ұстау қосымша шығындарды талап етеді. Олардың қатарында жанармай, шиналар сатып алу, техникалық қызмет көрсету, сақтандыру және көлік салығы бар. Кредиттің жоғары пайыздық мөлшерлемесімен бірге мұның бәрі отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Сонымен қатар қарызды өтеу кезеңінде автокөлік әдетте құнын жоғалтады», – деп түсіндіреді ол.
Сондай-ақ төлем мерзімі өтіп кеткен жағдайда автокөліктің автокредит бойынша кепіл нысанасы болып саналатынын ескеру қажет.
«Қарыз алушы төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда банк берешекті реттеу шараларын қабылдағаннан кейін кепілдегі мүлікті соттан тыс немесе сот тәртібімен сатады. Алайда сол уақытқа қарай автокөліктің құны өтелмеген қарыз қалдығынан төмен болуы мүмкін.
Осыған байланысты автокредит беру талаптарын жеңілдету маған толық негізделген шешім болып көрінбейді және проблемалық кредиттер портфелінің өсуіне әкелуі мүмкін», – деп толықтырады Әйгерім Ілиясова.
Сонымен бірге сарапшы Қазақстан халқының кредит алу деңгейі қазірдің өзінде шекті деңгейге жетті деп айту дұрыс емес деп санайды. Оны бөлшек кредит портфелінің құрылымы көбірек алаңдатады.
«Халықтың шамадан тыс кредитке батқанын айту – даулы мәселе, – дейді сарапшы. – Халыққа берілген кредиттер көрсеткіштері шекті деңгейде емес. Олар көрші елдердің көрсеткіштерімен шамалас әрі көптеген дамыған елдерге қарағанда төмен.
Алайда бөлшек кредит портфелінің құрылымы алаңдатады. Халыққа берілген шамамен 25 трлн теңге кредиттің 17 трлн теңгеге жуығы тұтынушылық қарыздарға тиесілі».
Қаржыгердің пікірінше, бұл кредиттердің басым бөлігі активтер немесе қымбат мүлік сатып алуға емес, күнделікті шығындарды жабуға алынатынын көрсетеді. Сондықтан тұтынушылық кредиттер үшін борыштық жүктеме коэффициентін сақтау міндетті болуы тиіс.
«Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі қарыздардың әлеуметтік қызметін ескерсек, оларды БЖК талабынан босату орынды. Ал автокредиттер жағдайында мұндай жеңілдік белгілі бір тәуекелдер туғызады.
Сондықтан Ұлттық банк 2027 жыл бойы кредит нарығына мониторинг жүргізуді жалғастыратынын арнайы атап өтті. Жүйелік тәуекелдер күшейген жағдайда халықтың борыштық жүктемесін ескере отырып, қосымша шаралар енгізілуі мүмкін», – деп қорытындылайды Әйгерім Ілиясова.
